2025 жылғы 21-22 шілдеде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Алматы облысының Райымбек ауданына жұмыс сапармен барды.
Сапар мақсаты ағымдағы жылғы 3 тамызға жоспарланған аудан әкімі сайлауына дайындық барысын жан-жақты зерделеу, сайлаушылармен тікелей сұхбаттасу, сондай-ақ, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту және түсіндіру шараларын ұйымдастыруға бағытталды. ОСК делегациясының құрамында Комиссия хатшысы Шавхат Өтемісов, ОСК мүшесі Азамат Айманакумов және ОСК аппаратының өкілдері болды.
Райымбек аудандық АСК жұмысымен танысу
Сапар аясында Ортсайлауком Төрағасы Райымбек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жұмысы, оның материалдық-техникалық жабдықталуы, құжаттамалық қамтамасыз етілуі, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларымен және сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау жағдайларымен танысты.
Сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтау, комиссия мүшелерінің үздіксіз электоралдық біліктілігін арттыру және барлық сайлау учаскелерінде жоғары дайындық деңгейін қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.
Сайлауға дайындық мәселелері бойынша жиын
Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен облыстық және аудандық жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, полиция департаментінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, аумақтық сайлау комиссияларының өкілдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиын барысында аудан әкімі сайлауына дайындық барысы, сайлау өткізудің күнтізбелік жоспарының іске асырылуы, сайлау барысында заңдылықты, қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
«Жергілікті жердегі мемлекеттік органдар қатаң түрде өз құзыреті шегінде ғана әрекет етуі тиіс. Олардың басты міндеті – азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруына жағдай жасау және сайлау процесінің заңдылығын қамтамасыз ету», –деп атап өтті ОСК Төрағасы.
Райымбек ауданының жас сайлаушыларымен кездесу
Сапар аясындағы маңызды шара - ауданның 100-ден аса жас сайлаушыларының қатысуымен өткен кездесу болды.
Шара ашық диалог форматында өткізіліп, Орталық сайлау комиссиясының қызметі, елдегі сайлау жүйесі және жастардың сайлау процесіне қатысуымен байланысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Жас сайлаушыларға арнаған сөзінде Төраға сайлау жүйесінің негізгі жұмыс істеу тетіктеріне, әр деңгейдегі сайлауды ұйымдастыру ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Ол Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген конституциялық реформалар аясында жүзеге асырылған сайлау жүйесінің институционалдық трансформациясы туралы айтты. Мажоритарлық жүйенің қайтарылуы, азаматтардың билік органдарын қалыптастыруға, оның ішінде әкімдерді тікелей сайлау жолымен қатысу жолдарының артуына ерекше назар аударылды.
«Қазіргі Қазақстанның сайлау жүйесі ауқымды өзгерістерге ұшырады. Біз партиялық тізімнен мажоритарлық жүйеге өттік, өңірлік өкілдікті арттырдық және азаматтардың қатысуының қосымша арналарын аштық. Бұл – халық билігін нығайтуға бағытталған нақты қадам», – деді ОСК Төрағасы.
Кездесу барысында жастар сайлау өткізудің халықаралық тәжірибелеріне жоғары қызығушылық танытты. Осыған орай, Нұрлан Әбдіров сайлау саласындағы халықаралық тенденциялар, цифрландыру, сайлаушылардың жеке деректерін қорғау, жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл, сайлауды байқауға қатысу, сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы туралы ақпараттармен бөлісті.
Қатысушылар тарапынан сайлаушылардың электоралдық мәдениетін арттыру, сайлауға қатысу үшін тұрақты қызығушылық қалыптастыру мәселелеріне жекелей назар аударылды.
Мұндай ашық кездесулер жастарға сайлау органдарының басшылығына тікелей жүгініп, нақты әрі толық ақпарат алуына, сол арқылы сайлау процесіне қатысушылардың электоралдық мәдениетінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Ашық диалог барысында қатысушылар сайлау жүйесіне, жастардың сайлауға қатысуы және шетелдік тәжірибе жөніндегі салыстырмалы талдауға және басқа да мәселелерге қатысты бірқатар өзекті сұрақтар қойды. Атап айтқанда, Жансая Айдархан сайлауға қатысу әр азаматтың міндеті немесе парызы болып табылатындығы туралы қызығушылық танытты. Елжас Серікұлы сайлаудың негізгі қаидаттарының бірі ретінде жасырын дауыс берудің мәні, сонымен қатар учаскелік сайлау комиссияларының мүшелігіне қойылатын шарттар мен талаптар туралы екі сұрақ қойды. Алинар Сагым ОСК-ның халықаралық ынтымақтастығына қызығушылық білдіріп, шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу және олардың сайлау жүйесінің ерекшеліктері туралы тақырып қозғады.
18 жаса толған жас сайлаушының сайлау учаскесіне келмес бұрын білуге міндетті мәселелері туралы Абу Бақыттың сұрағы ерекше практикалық сипатқа ие болды.
Кездесу соңында жастар онлайн сауалнамаға белсене қатысты. Ол сайлау жүйесін дамытудың негізгі аспектілері бойынша, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Сайлау және референдумды бақылау миссияларының келешекте сайлау рәсімдерін ықтимал жақсартуда азаматтардың пікірін ескеру мақсатындағы ұсынымдарында көтерілген мәселелер бойынша қоғамдық пікірді зерделеуге бағытталған. Сауалнаманың негізгі нәтижелері:
Қорытынды тестілеу және оқыту семинары
Сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған тестілеу ұйымдастырылды. Тестілеу комиссия қызметінің негізі бағыттары: сайлау заңнамасы, дауыс беру рәсімдері, дауыстарды санау, хаттамалар толтыру, байқаушылар және БАҚ өкілдерімен жұмыс бойынша жүргізілді.
Комиссия мүшелерінің дайындығын тексеру сайлау процесінің сапасын арттыру және жергілікті жердегі сайлауды ұйымдастырушылардың кәсіби корпусын дамытудың құралы болып табылады.
Тестілеу біткеннен кейін Райымбек ауданындағы комиссия мүшелеріне тереңдетілген семинар-тренинг ұйымдастырылды. Оқыту барысында сайлау заңнамасының негізгі нормалары, комиссияның дауыс беру күніндегі функционалдық міндеттері, дауыстарды санау мен қорытынды хаттамаларды рәсімдеу тәртібі туралы ақпараттандырылды.
Практикалық бөлімде сайлау күні комиссияға кезігуі мүмкін ситуациялық кейстерді талдауға ерекше назар аударылды. Семинар қатысушылары сайлаушылармен, сенімді өкілдермен, байқаушылармен және БАҚ-пен қарым-қатынас алгоритмдерін пысықтап, болуы мүмкін стандарттан тыс жағдайларды реттеу тәсілдерін әзірледі. Сайлау құқықтарын сақтау, дауыс берудің барлық кезеңінде тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері ерекше назарда болды.
Іс-шара интерактивті түрде өтті, бұл комиссия мүшелерінің тәжірибелік дайындық деңгейін арттырып, сайлау учаскелерінде заңнамаға сай бірізді тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Сайлау учаскелерінің жұмысымен танысу
Ортсайлауком өкілдері өкілдері №762, 763 және 764 сайлау учаскелеріне барып, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуымен және комиссиялардың сайлауды өткізуге дайындық деңгейімен танысты. Сайлаушыларды дауыс беру орны мен уақыты туралы ақпараттандыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын жүзеге асыру, дауыс беру күні сайлау процесінің қатысушылары: сенімді өкілдер, байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің жұмысы қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.