ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Жаңасемей ауданының әкімі сайлауына дайындық аясында Абай облысына жұмыс сапармен барды

ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Жаңасемей ауданының әкімі сайлауына дайындық аясында Абай облысына жұмыс сапармен барды

2025 жылғы 17–18 шілдеде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров ағымдағы жылдың 27 шілдесіне тағайындалған Абай облысының Жаңасемей ауданына осы аудан әкімінің сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде инспекциялық сапармен барды. Сондай-ақ, сапарға ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов, ОСК мүшесі
Азамат Айманакумов және комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.

Сапар аясында жоспарланған барлық іс-шаралар сайлау комиссияларының дайындық деңгейін бақылауға, электоралдық оқыту барысына мониторинг жүргізу, сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге және сайлаушылармен өзара іс-қимыл жасауға бағытталды.

Сайлау науқанына 25 сайлау комиссиясы жұмылдырылған: 2 аумақтық және 23 учаскелік.

        

Жаңасемей ауданының жас сайлаушыларымен кездесу

 

Сапардың бірінші күнінде ҚР ОСК Төрағасының Жаңасемей ауданының жастарымен дәстүрлі кездесуі өтті. Іс-шара Alikhan Bokeikhan University базасында ұйымдастырылып, оған 50-ден астам белсенді қатысушы – студенттер, жас мамандар және жастар ұйымдарының өкілдері жиналды.

         Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров Қазақстанның жаңартылған сайлау жүйесінің ерекшеліктерін әңгімелеп, сайлау процесін трансформациясы ел Президентінің бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформаның тікелей нәтижесі екендігіне тоқталды.

         «Елдегі сайлау жүйесіне енгізілген өзгерістер азаматтардың қатысуы басты рөл атқаратын ашық және заманауи басқару моделін дамытуға бағытталған. Бұл реформалар қоғамның сұранысына берілген жауап болды және халықтың шешім қабылдау процестеріне белсенді қатысуға ұмтылысын көрсетеді», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Кездесу барысында ОСК Төрағасы жас ұрпақтың электоралдық мәдениетін арттыру, сонымен қатар өкілді демократия институттарына тұрақты түрде қызығушылық қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып өтті. Жастардың сайлау науқандарына тек сайлаушы ретінде ғана емес, сондай-ақ, кандидат, байқаушы және ерікті ретінде қатысу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Жас сайлаушылар дәстүрлі онлайн-сауалнамаға белсенді түрде қатысты. Бұл сауалнама электоралдық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлау және референдумдар бойынша байқау миссияларының ұсынымдарына да байланысты сайлаушылардың пікірін анықтауға бағытталған. Сауалнаманың нәтижелері:

  • 75,6% респондент президенттікке кандидаттар үшін мемлекеттік қызметте қызмет өтілі болғанын қолдайды;
  • 48,9% респондент дәстүрлі қағазбен дауыс беруді қалайды;
  • 48,9% респондент сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар дауыс беруге қатыспауы тиіс деп есептейді;
  • 37,8% респондент сотталған азаматтардың сайлау құқықтарын шектеуді қолдайды;
  • 71,1% респондент сайлау туралы ақпараттарды әлеуметтік желі арқылы алады.

 

Жас сайлаушылар сұрақ-жауап сессиясына да белсене қатысты. Қатысушылар цифрлық дауыс беру технологияларын енгізу тақырыбын қозғап, сонымен қатар оқытудың түрлі форматтарына қызығушылық танытты. Жас маман Айгерім Байқадамова дауыс беру кезіндегі жаңа технологияларды пайдалану мүмкіндіктері туралы, Ерасыл Оспанов сайлау учаскелерінде онлайн дауыс беруді енгізу, Айдын Сәкенов ОСК жанында еріктілерге арналған тағылымдамадан өту бағдарламасының болуы туралы сұрақтар қойды.

Белсенді қатысушыларға Ортсайлаукомның ғылыми және әдістемелік басылымдары табысталды.

 

Сайлауға дайындық мәселелері бойынша кеңес

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен аумақтық сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура, полиция департаменті, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және өзге де уәкілетті органдардың қатысуымен кеңес өтті. Онда сайлау науқанының ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелері, сайлау өткізудің күнтізбелік жоспарына сәйкес іс-шараларды іске асыру, азаматтардың сайлау құқықтарын сақтау, электоралдық процесс барысында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

ОСК Төрағасы қатысушылардың назарын сайлау науқанының барлық кезеңінде заңнама нормаларын сақтау, ашықтық пен айқындықты, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

 

Сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесу

Сапар аясында өз өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын Жаңасемей ауданының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен жұмыс кездесуі өткізілді. Кездесуде ағымдағы науқанға дайындық, сайлау учаскелерін жарақтандыру, сайлау науқаны туралы сайлаушыларды ақпараттандыру мәселелері қаралды.

Нұрлан Әбдіров комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін үздіксіз арттыру, дауыс берудің құпиялығын сақтау және мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

 

Аумақтық комиссияның жұмысымен танысу

Ортсайлауком басшысы Жаңасемей ауданының аумақтық сайлау комиссиясында болып, мұнда аудан әкімін сайлаудың ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелер барысы, учаскелік комиссиялар мүшелерін оқыту, құжат айналымын ұйымдастыру, сайлаушылар тізімдерінің әзірлігі және науқанның басқа да өзекті мәселелері бойынша ақпарат ұсынылды.

Сайлаушыларды сайлау күні мен орны туралы хабардар ету, байқаушылармен, сенім білдірілген адамдармен және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

 

Бақылау тестілеуі және оқыту семинары

Сайлау комиссиялары мүшелерінің құқықтық дайындық деңгейін және тәжірибелік дағдыларын бағалау мақсатында бақылау тестілеуі ұйымдастырылды. Тестілеу барысында қатысушылардың сайлау заңнамасы мен сайлау өткізу рәсімдеріне қатысты білімдері тексерілді.

Тестілеу қорытындысы бойынша практикалық бағыттағы оқыту семинары өткізіліп, онда заңнамадағы негізгі нормалар, сайлау күні әрекет ету алгоритмі, сонымен қатар, комиссия мүшелері кездесуі мүмкін типтік үлгідегі ситуациялық кейстер толық түсіндірілді. Семинар барысында сайлау процесінің кезеңдері, дауыс беру күні комиссиялардың функциялары, дауыстарды санау, қорытынды хаттамаларды рәсімдеу және басқа да маңызды электоралдық мәселелер қаралды. Практикалық бөлімде сайлау процесіне қатысушылармен өзара әрекет ету үлгілері, даулы жағдайларды шешу және учаскелерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолдары пысықталды.

 «Орталық сайлау комиссиясы әрбір сайлаушының еркін ерік білдіру құқығына кепілдік берілуін, ал әрбір комиссия мүшесінің қажетті білім мен құзыреттерге ие болуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сайлау жүйесіне деген қоғамдық сенімді одан әрі арттыру үшін біз сайлаудың ашықтығы, айқындығы мен заңдылығын қамтамасыз етуіміз қажет», - деп Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарын қорытындылады.