Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының делегациясы Ыстықкөл электоралдық форумына қатысты

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының делегациясы Ыстықкөл электоралдық форумына қатысты

2025 жылғы 26-27 маусымда Чолпон-Ата қаласында (Қырғыз Республикасы) Қырғыз Республикасының сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы ұйымдастырған Ыстықкөл электоралдық форумы өтті. Іс-шараға Төраға Нұрлан Әбдіров бастаған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының делегациясы қатысты. Форумға қатысушылар алдында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров құттықтау сөз сөйледі.

Іс-шара «Электоралдық қатысудың заманауи тәсілдері: теориядан тәжірибеге» тақырыбында өтті және оған 12 елдің сайлау органдарының басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар - ТМД, ТМҰ, ШЫҰ, ТМД ПАА, ТүркПА, ҰҚШҰ ПА, A-WEB және сайлау саласындағы басқа да сарапшылар қатысты.

«Халықаралық сайлау тәжірибесін ұлттық контексте бейімдеу» пленарлық отырысы барысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров институционалдық ашықтыққа, процестің инклюзивтілігін қамтамасыз етуге және тәуелсіз ұлттық байқауды нығайтуға деген ұмтылысты атап өтіп, Қазақстанның сайлау жүйесін дамытудың негізгі бағыттарына деген көзқарасымен таныстырды. Ол Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайлауға деген сенімді арттырудың, азаматтық қоғаммен ашық диалогтың және ұлттық контекске бейімделе отырып, халықаралық стандарттарды ескерудің саясатын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар форум шеңберінде «Сайлауды ұйымдастырушыларды оқытудың үздік әдістері» және «Жастардың электоралдық процеске қатысуы» атты екі дөңгелек үстел өтті.

ҚР ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов баяндама жасап, электоралдық оқытудың қазақстандық тәжірибесін жан-жақты таныстырды. Ол біздің елімізде сайлау процесінің барлық қатысушыларын қамтитын электоралдық оқытудың жүйелі, көп деңгейлі моделі құрылғанын атап өтті. Оқыту нормативтік негізде ұйымдастырылады, каскадты оқыту моделі арқылы жүзеге асырылады, бетпе-бет және қашықтықтан оқыту форматтарын қамтиды және тәжірибеге және кәсіби және жеке дағдыларды дамытуға бағытталған. Қазақстанның Ортсайлаукомы мемлекеттік органдармен, жоғары оқу орындарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және партиялармен электоралдық оқыту мәселелерінде белсенді ынтымақтасады, сондай-ақ жастар бастамаларын, оның ішінде Жас сайлаушылар клубының жұмысын дамытады.

«Қазақстанның тәжірибесі жүйелі және көп деңгейлі электоралдық оқытудың сайлау жүйесінің тұрақты дамуының құралы бола алатынын көрсетіп отыр», - деп түйіндеді ол.

Сапардың екінші күні қазақстандық делегация ТМД елдерінің сайлау органдары басшыларының Консультативтік кеңесінің 5-ші отырысына қатысты. Жастар электоралдық саясаты, ұлттық науқандарға шолу жасау және Кеңестің жұмысын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша ТМД елдеріндегі сайлауға жастарды тартуды кеңейтуге мүмкіндік беретін электоралдық саладағы жастар саясаты жөніндегі Жұмыс тобын құру бастамасы қолдау тапты. Бұл жұмыс тобының құрамына Қазақстанның екі өкілі енді: Maqsut Narikbayev Institute for Network and Development кіші ғылыми қызметкері Әмірлан Нұрғазин және «YNTYMAQ» Қазақстан шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» РҚБ ПОФ төрағасы, 8-ші шақырылымдағы Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Гүлзира Атабаева.

Нұрлан Әбдіров өз сөзінде «Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық жасаған және 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы қолдаған конституциялық реформа аясында жүзеге асырылған Қазақстанның сайлау жүйесін түбегейлі трансформациясының маңызды бағыттарының бірі - жергілікті атқарушы органдардың басшыларын тағайындаудан олардың сайлануына көшу болды.  Қоғам үшін маңызды бұл демократиялық үрдіс жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамытудағы және халықтық демократияны нығайтудағы үлкен қадам болды», - деп атап өтті.

Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров Кеңес мүшелеріне Қазақстанда 2340 ауыл әкімі бар екенін жеткізді. Бүгінде олардың 90 пайыздан астамын өз ауылының тұрғындары тікелей сайлаған.

Отырыс соңында Консультативтік кеңестің төрағалығы Беларусь Республикасынан Қазақстан Республикасына берілді. Қазақстан Ортсайлаукомының басшысы Нұрлан Әбдіров Консультативтік кеңестің 6-шы отырысын ағымдағы жылдың қыркүйек айының соңында өткізуді ұсынды. Болашақ отырыстың аясында қазақстандық тарап сайлау процесінің барлық қатысушылары арасында электоралдық мәдениетті қалыптастыру бойынша дөңгелек үстел өткізуді, сондай-ақ осы тақырып бойынша әдістемелік және басқа да тақырыптық әдебиеттердің, ықтимал тұжырымдамалар мен жоспарлардың көрмесін ұйымдастыруды ұсынды. ҚР ОСК көзқарасын Консультативтік кеңестің басқа қатысушылары қолдады.