Меню
Страницы
Құжаттар
Қызметі
Байланыс ақпараты
ҚР ОСК туралы
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Комиссия туралы
Все материалы
ҚҰРЫЛТАЙ
25 августа 2026
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ БЕЛГІЛЕНДІ

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының XV отырысы өтті.

Отырысқа саяси партиялардың өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының халықаралық байқаушылары қатысты. Сонымен қатар, бейнеконференцбайланыс режимінде астана, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері қосылды. Отырыс Интернет-ресурс және YouTube арқылы сурдоаудармамен қамтамасыз етіле отырып, тікелей эфирде көрсетілді.

Күн тәртібіне сәйкес «2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын белгілеу және сайлаудағы дауыс беру қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды бөлу туралы» мәселе қаралды.

Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров нақтыланған тізімге сәйкес сайлаушылардың жалпы саны 12 623 289 адамды құрағанын атап өтті. Дауыс беру күні азаматтардың өтініштері бойынша, сондай-ақ сайлау учаскелеріндегі тіркеу туралы мәліметтерді тексеру және азаматтарды учаскелердің мекенжайлары бойынша 1 тәулікке  уақытша тіркеу жөніндегі онлайн-сервистер арқылы 17 501 адамға дауыс беру мүмкіндігі берілді. Сайлауға барлығы 9 351 539 адам қатысты, бұл тізімге енгізілген барлық сайлаушы санының 74,08%-ын құрайды.

Айта кетейік, 15 наурызда өткен референдум науқанымен салыстырғанда, осы сайлауда дауыс берген сайлаушылар саны 224 357 адамға артты. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бұл көрсеткіш халықтың электоралдық мәдениет деңгейінің өскенін көрсететінін атап өтті.

Сонымен қатар, 85 576 адам үйден дауыс берді, ал есептен шығару куәлігін алған азаматтардың 88%-ы дауыс берді.

Бюллетеньдерді санау қорытындысы бойынша сайлаушылардың дауыстары төмендегідей бөлінді:

«Әділет» партиясы - 6 528 948 дауыс немесе 71,17%;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 469 058 дауыс немесе 5,11%;

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы - 97 751 дауыс немесе 1,07%;

Қазақстан Халық партиясы - 285 395 дауыс немесе 3,11%;

«Ауыл» партиясы - 574 621 дауыс немесе 6,26%;

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 478 083 дауыс немесе 5,21%;

«Respublica» партиясы - 509 631 дауыс немесе 5,56%;

«Бәріне қарсымын»  - 230 446 дауыс немесе 2,51%.

ОСК Төрағасы сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын жинаған бес саяси партия арасында депутаттық мандаттар бөлінетінін атап өтті.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының 145 мандаты төмендегідей бөлінді:

«Әділет» партиясы - 110 мандат;

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия - 8 мандат;

«Ауыл» партиясы - 10 мандат;

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы - 8 мандат;

«Respublica» партиясы - 9 мандат.

ОСК басшысы саяси партиялардың өкілдерінің назарын депутаттық мандаттардың партиялық тізімге енгізілген кандидаттар арасында бөлінуі тиіс екеніне аударды. Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық жиынтық квотаны көздейтін конституциялық заң талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстайтынын атап өтті.

«Құрылтай сайлауы жалпыұлттық қолдауға ие болған конституциялық реформаның қорытындысы бойынша жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес өтті. Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, сайлау науқаны белсенді әрі еркін жағдайда өтті. Азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың еркін ерік білдіруі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды. Халықаралық байқаушылар сайлау органдарының сайлаушыларды ақпараттандыру бойынша ауқымды әрі инклюзивті науқан өткізуін, сайлауға тиімді дайындық жүргізуін және дауыс беру күнін ұйымдастыруын да жоғары бағалады», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлауды өткізу барысында еліміз бойынша учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің атқарған зор рөлін де атап өтті. Бұл жұмысқа 247 аумақтық және 10 423 учаскелік сайлау комиссиясы тартылды. Олардың құрамына 71 мыңнан астам комиссия мүшесі кірді. Бұл ретте олардың 1%-дан азы ғана сайлау комиссияларында тұрақты кәсіби негізде жұмыс істейді. Орталық сайлау комиссиясы комиссия мүшелерін, байқаушыларды, саяси партиялар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін оқыту үдерісіне үлкен мән береді. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде сайлау заңнама талаптарына толық сәйкес өткізілді.

«Сайлау науқанының барлық кезеңі сайлау процесін ұйымдастырудағы негізгі қағидаға айналған «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде ұйымдастырылды. Дауыс беру күні сайлау рәсімдеріне 51 мыңнан астам ұлттық байқаушы және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан 777 байқаушы байқау жүргізді. Сайлау учаскелерінде сайлау барысын жариялаған шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де болды. Оның ішінде қазақстандық БАҚ-тың 1 852 өкілі және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 117 журналисі қатысты. Сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге атсалысқан баршаңызға алғысымды білдіремін», - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

Отырыстан кейін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті. Брифинг барысында олар журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.

ҚҰРЫЛТАЙ
22 августа 2026
ТМҰ-ҒА МҮШЕ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ САЙЛАУ ЖҮЙЕЛЕРІ ТУРАЛЫ АЛҒАШҚЫ ҰЖЫМДЫҚ ЖИНАҚ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Астанада Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы қарсаңында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының жұмыс отырысы өтті. Кездесу Қазақстандағы конституциялық дамудың жаңа кезеңі аясында өтіп, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан арасындағы тәжірибе алмасуға және сайлау процесінің өзекті мәселелерін талқылауға арналған пікір алмасу алаңына айналды.

Отырысты ашқан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров қатысушыларды жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның негізгі ережелерімен таныстырып, алдағы сайлаудың тарихи маңызына тоқталды.

Ол жаңа Құрылтайдың қалыптасуы жаңартылған өкілді билік жүйесінің жұмысын бастауын білдіретінін және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, мемлекеттік институттарды одан әрі дамытуға бағытталған жаңа конституциялық модельді іске асырудың маңызды кезеңі болып табылатынын атап өтті.

Отырыста «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің сайлау жүйелері» атты ағылшын тіліндегі ұжымдық жинақтың таныстырылымы өтті.

Басылымды әзірлеу туралы шешім 2025 жылғы 28 қарашада Бішкек қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасының жұмыс отырысында, Қазақстан Республикасының ТМҰ-ға 2025-2027 жылдардағы төрағалығы кезеңіне арналған іс-шаралар жоспарын талқылау барысында қабылданған болатын.

Жинақ Платформа қызметінің практикалық нәтижелерінің бірі әрі ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының бірлескен ғылыми және сараптамалық жұмысының жалғасы болып табылады.

«Бұл бірегей басылымда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстандағы сайлауды ұйымдастырудың ұлттық модельдерінің ерекшеліктері, сайлау процесінің құқықтық реттелуі және сайлау органдарының қызметі туралы материалдар қамтылған. Алғаш рет ТМҰ мүше бес мемлекеттің сайлау жүйелері бірыңғай форматта ұсынылып отыр. Басылым одан әрі кәсіби өзара іс-қимылды дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуды кеңейтуге және ұлттық тәжірибені өзара зерделеуге арналған практикалық құралға айналады деп сенемін. Сондай-ақ ол сайлау жүйелерін жетілдірудің заманауи тәсілдерін әзірлеуге ықпал етеді», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Отырыс барысында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары баяндама жасап, сайлау процестерін ұйымдастырудағы ұлттық тәжірибелерімен бөлісті.

Әзербайжан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазаир Панахов Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру жөніндегі аса маңызды әрі өзекті бастамасы үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Қырғызстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаров аталған жинақтың әлеуетіне тоқталды. Ол жинақты түпкілікті нәтиже ретінде емес, одан әрі кәсіби диалог орнатуға, тәжірибе алмасуға және сайлау процестерінің дамуының заманауи үрдістерін бірлесіп зерделеуге арналған негіз ретінде қарастыратынын атап өтті.

Өз кезегінде Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта атқарылып жатқан жұмысты жоғары бағалайтынын айтып, Консультативтік платформа жанындағы дипфейктердің сайлау процесіне ықпалы мәселелері жөніндегі Жұмыс тобының қызметіне тоқталды.

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев өз кезегінде ұсынылған монографияның кешенді тәсіл, авторлар құрамының әр түрлілігі, тақырыптардың өзектілігі және практикалық маңыздылығы секілді артықшылықтарын атап өтті.

ТМҰ кеңістігінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістер мен қол жеткізілген нәтижелердің кеңінен талқыланып отырғаны атап өтілді. Осы тұрғыда сайлау органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету, кәсіби диалогты кеңейту және сайлауды өткізудің заманауи тәсілдерін дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие.

Сайлау кезеңіндегі дипфейктерге қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары Консультативтік платформасы жанындағы дипфейктердің сайлау процесіне ықпалы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ләззат Сүйіндік «Сайлау саласында дипфейктерді пайдалануға байланысты тәуекелдердің алдын алу және оларды барынша азайту қағидаттары» жобасын таныстырды.

Құжат ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары өкілдерінің бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша әзірленді және сайлау ақпаратының шынайылығын қамтамасыз ету, жасанды интеллектіні пайдаланудың ашықтығы, жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау, қоғамды ақпараттандыру және құзыретті органдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етудің негізгі тәсілдерін айқындайтын сегіз қағидатты қамтиды.

«Технологиялардың дамуы сайлау органдарынан тек жаңа ден қою құралдарын ғана емес, сайлаудың ақпараттық ортасын қорғауға бағытталған үйлестірілген тәсілдерді де талап етеді. Жасанды интеллект санаулы минуттардың ішінде адамның дауысын, келбетін немесе айтқан сөздерін бұрмалауы мүмкін. Алайда ол фактілерді бұрмаламауы тиіс. Ақпараттың шынайылығын қорғай отырып, біз азаматтардың сайлауға деген сенімін қорғаймыз», - деген Ләззат Сүйіндік аталған құжаттың өзектілігіне тоқталды.

Айта кетейік, жоба бойынша жұмыс 2026 жылғы сәуірде Жұмыс тобының алғашқы отырысы аясында басталды. Мемлекеттер өкілдері практикалық тәжірибелерімен алмасып, тиісті органдардың ұлттық заңнамасы мен өкілеттіктерін ескере отырып қолдануға болатын ортақ бағдарларды қалыптастырды.

Отырыс барысында Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев жасанды интеллектінің дамуы сайлау органдарынан жекелеген жағдайларға ден қоюдан жүйелі бірлескен жұмысқа көшуді талап ететінін атап өтті.

«Бүгінде жасанды интеллект ақпаратты тарату тәсілдерін ғана емес, сайлау жүйелері тап болатын сын-қатерлердің сипатын да өзгертіп отыр. Дипфейктер кандидаттар мен қоғамдық процестерді қабылдауға ықпал ете алады, демек, сайлауға деген сенімге тікелей әсер етеді. Сондықтан біз үшін туындаған қауіптерге ден қоюмен шектелмей, оларды ерте анықтау, ақпаратпен жедел алмасу және бірлесіп жұмыс жасау аса маңызды. Консультативтік платформаның жұмыс тобын құру осы бағыттағы маңызды қадам болды. Ұлттық тәжірибені біріктіре отырып, ақпараттық қауіпсіздік, пікір білдіру еркіндігі және азаматтардың шынайы ақпаратқа құқығы арасындағы іргелі тепе-теңдікті сақтай отырып, жаңа ақпараттық қатерлерге қарсы іс-қимылдың ортақ кәсіби тәсілдерін қалыптастыра аламыз», - деп қорытындылады Нуру Гулиев.

Осы орайда, ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Жұмыс тобының мүшелерін практикалық тәсілдер мен ұсыныстар алмасуды жалғастыруға шақырды. Ол қатысушыларға ұлттық тәжірибе мен жаңа технологиялық сын-қатерлерді ескере отырып, құжатты одан әрі дамыту жөнінде өз ұсыныстары мен бастамаларын енгізуді ұсынды.

Өз кезегінде Өзбекстан ОСК төрағасы Зайниддин Низамходжаев сайлау кезеңінде дипфейктерге қарсы іс-қимылдың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарын білдірді. Олардың қатарында Түркі мемлекеттері ұйымы аясында сайлауда дипфейктерді анықтау және оларды пайдаланудың алдын алу бойынша халықаралық ұсынымдар мен стандарттар әзірлеу, сайлау органдары қызметкерлеріне арналған мамандандырылған семинарлар мен тренингтер өткізу, технологиялық компаниялармен және жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ дипфейктер анықталған жағдайда ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру платформасын құру ұсыныстар көзделген.

Анықтама үшін

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасын құру туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 3 қарашада Астана қаласында өткен ТМҰ-ның X мерейтойлық саммиті барысында көтерді.

Консультативтік платформаны құру туралы ұсынысты түркі мемлекеттерінің басшылары бірауыздан қолдап, ол 2024 жылғы 6 қарашада қабылданған ТМҰ XI саммитінің Бішкек декларациясында көрініс тапты.

Платформаның алғашқы отырысы 2025 жылғы мамырда Түркістан қаласында өтті. Отырыста Платформа туралы ережеге қол қойылды. 2025 жылғы мамырдан бастап екі жыл бойы Қазақстан Республикасы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының Консультативтік платформасына төрағалық етуде.

ҚҰРЫЛТАЙ
21 августа 2026
ОСК: САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІ ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУДЫ ӨТКІЗУГЕ ДАЙЫН

Бүгін Астана қаласында 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды өткізу шеңберінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.

Отырысқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, саяси партиялар, ЕҚЫҰ ДИАҚБ және ТМД атынан халықаралық байқаушылар, бейнеконференциялық байланыс арқылы астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, облыс әкімі аппараттарының басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:

  1. Cайлау учаскелерінің 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру күніне дайындығы туралы;
  2. Сайлау заңнамасын сақтаудың кейбір аспектілері;
  3. Жеке, заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және cайлау заңнамасының бұзылғаны үшін жауапкершілік туралы.

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлауды өткізуге дайындық аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Ол маңызды бағыттардың бірі ретінде сайлау комиссияларының мүшелерін, сондай-ақ сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытудың маңыздылығына тоқталды.

Осы бағыттағы Орталық сайлау комиссиясының қызметі туралы ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады. Ол Орталық сайлау комиссиясының сайлау процесіне қатысушыларды каскадты оқытудың көпдеңгейлі жүйесін қалыптастырғанын атап өтті.

«Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесінің қатысуымен 7 мыңнан астам оқыту семинары өткізілді. Бағдарлама теориялық және практикалық дайындықты, оның ішінде дауыс беру күні орын алуы мүмкін нақты жағдайларды талдауды қамтыды. Алынған білімді және комиссиялардың дайындығын бағалау ОСК мүшелерінің өңірлерге жұмыс сапарлары барысында жүргізілді» - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы.

Оқыту «Тренер тренерді оқытады» қағидаты бойынша офлайн және онлайн форматтарда жүргізілді. Өңірлер үшін оқу-әдістемелік кешен мен анимациялық оқыту фильмі әзірленіп, жолданды. Аталған материалдар оқу процесінде пайдаланылуда.

Сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқыту маңызды бағыттардың бірі болды. Бұл оқытуға 23 мыңнан астам адам қамтылды. Олардың қатарында саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Отырыс барысында аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары өңірлердегі сайлау учаскелерінің саны мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы, мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштардың жабдықталуы және учаскелердің қажетті ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілуі туралы баяндады. Сонымен қатар, сайлаушыларға дауыс беру уақыты мен орны, сайлау учаскелерінің мекенжайлары көрсетілген дербес шақырулардың табысталғаны және дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерінің саны туралы хабарлады. Қазіргі уақытта дауыс беру бюллетеньдері белгіленген мөлшерде учаскелік сайлау комиссияларына жеткізіліп, күзетке алынғаны атап өтілді. Осылайша, аумақтық сайлау комиссияларының ақпаратына сәйкес, еліміздегі сайлау учаскелері Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беруді өткізуге дайын.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік алдағы күндері сақталуы тиіс негізгі ережелер туралы баяндады.

22 тамыз - тыныштық күні. Бұл күні және дауыс беру күнінде сайлау алдындағы үгітке тыйым салынған. Бұған дейін орналастырылған үгіт материалдары, соның ішінде интернеттегі материалдар, бұрынғы орындарында қала береді. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты беттерінде қайта орналастыруға болмайды.

Сауалдар мен болжамдарды жариялауға қатысты да арнайы шектеулер белгіленген. Дауыс беруге дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын және сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді таратуға жол берілмейді. Бұл ретте дауыс беру күні exit poll сауалнамасын тек дауыс беру үй-жайларынан тыс жерде және бұл туралы ОСК-ны хабардар еткен ұйымдар ғана жүргізе алады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньнің фото және (немесе) бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынады. Бұл ретте сайлаушының сайлау учаскесінде фотоға түсу құқығына шектеу қойылмайды. Сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбейтін болса, сайлау жәшігінің жанында немесе бюллетеньді жәшікке салу кезінде де фотоға түсуге болады. Дауыс беру күнінен кейін мұндай материалдарды таратуға қатысты тыйым қолданылмайды, өйткені бұл шектеу дәл дауыс беру күніне қатысты белгіленген», – деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.

Байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жұмысына да ерекше назар аударылды. Олар сайлау учаскелерінде болуға және заңнамада белгіленген өкілеттіктері шегінде дауыс беру барысын бақылауға құқылы. Бұл ретте байқаушыларға сайлау жәшіктерін, сондай-ақ жасырын дауыс беруге арналған кабиналардың кіретін және шығатын  тұсын байқау мүмкіндігі қамтамасыз етілуге тиіс.

Сайлау процесінің барлық қатысушылары учаскеде белгіленген тәртіпті сақтауға және азаматтардың еркін ерік білдіруне кедергі келтірмеуге міндетті.

Өз кезегінде, Мәдениет және ақпарат Бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов министрлік тарапынан үш негізгі бағыт бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат берді. Олар: сайлау науқанына қатысушыларға үгіт кезеңінде өз қызметін жариялау үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету, кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформа пайдаланушыларының сайлау заңнамасы талаптарын сақтауын қамтамасыз ету.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселені қарау барысында Комиссия мүшесі Әсел Жанәбілова келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, сондай-ақ сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері туралы хабардар етті.

Өтініштермен жұмыс «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. ҚР Құрылтайының депутаттарын сайлау тағайындалған сәттен бастап Орталық сайлау комиссиясына 203 өтініш келіп түскен, оның ішінде 129 өтініш - сайлау заңнамасын түсіндіруге, 62 өтініш - сайлау процесін ұйымдастыру мәселелеріне байланысты.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі әрбір өтініштің уақытылы қаралуы және оған жан-жақты жауап берілуі қамтамасыз етілетінін атап өтті. ОСК-ға аумақтық сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағымдар түспеген.

«Әрбір өтініш заңда белгіленген тәртіппен қаралып, азаматтарға заңнама талаптарын ескере отырып, нақты түсіндірмелер беріледі. Бұл ретте сайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін түсіну маңызды. Біздің ортақ міндетіміз - сайлау науқанының барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау», – деп атап өтті Әсел Жанәбілова.

Атап айтқанда, ОСК мүшесі сайлау комиссияларының жұмысына араласқаны, дауыс беру құпиясын бұзғаны, азаматтардың еркін ерік білдіруіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды. Сонымен қатар сайлау комиссиялары мүшелерінің, саяси партиялардың сенім білдірілген өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен байқаушылардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін де жауапкершілік қарастырылған.

«Сайлауға дайындық барысында біз барлық өңірлерге барып, тиісті мүдделі және жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен бірқатар жұмыс кеңестерін өткіздік. Сол кездесулер барысында сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде заңнама талаптарын сақтау мәселелері жан-жақты қаралып, мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларына нақты тапсырмалар берілді. Бүгінгі басты міндет - дауыс беру күнін ұйымдастырудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету. Сіздерге, комиссияларға үлкен жауапты міндет жүктеліп отыр - Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын заң талаптарына сәйкес өткізу. Сондықтан дауыс беру рәсімдерінің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың конституциялық сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс», - деп қорытындылады Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері БАҚ өкілдеріне арналған дәстүрлі брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

ҚҰРЫЛТАЙ
21 августа 2026
«SAILAU AI» ЖИ-КӨМЕКШІ ЖӘНЕ АЗАМАТТАРДЫ ЦИФРЛЫҚ АҚПАРАТТАНДЫРУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУШЫЛАР ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫС ӘДІСТЕРІН АТАП ӨТУДЕ

Бүгін ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің басшылығымен ОСК мүшелерінің Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды байқау үшін елімізге келген халықаралық байқаушылар миссияларымен кездесулері жалғасуда.

Күннің бірінші жартысында Нұрлан Әбдіров ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясынан келген байқаушылар тобымен кездесті. Бұл топқа ҰҚШҰ ПА жауапты хатшысы Сергей Поспелов жетекшілік жасайды.

Сонымен қатар ҚР ОСК Төрағасы Қырғызстан Республикасы Сайлау және референдум өткізу жөніндегі Орталық комиссияcының Төрағасы Тынчтык Шайназаровпен кездесті.

Нұрлан Әбдіров сондай-ақ Тайландтың Сайлау комиссиясының делегациясымен кездесті. Делегация құрамында аталған ведомство мүшелері Ситтичот Интарависес пен Чай Накхончай бар.

Нұрлан Әбдіров Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Республика Кеңесі Төрағасының орынбасары - топ үйлестірушісі, Игорь Брилевич бастаған ТМД Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар тобымен кездесуде сайлауды өткізуге дайындық барысы туралы айтып берді.

Ал күннің екінші жартысында ОСК ғимаратында Нұрлан Әбдіровтің Әзербайжан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Мазаир Панаховпен кездесуі өтті.

Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров Армения Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Ваагн Овакимянмен жүздесті.

Кездесулер барысында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы байқау миссияларының мүшелеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформа туралы жан-жақты айтып берді. Оның нәтижелерінің бірі - Қазақстан Республикасының Құрылтайын қалыптастыру болып табылады. Ол бұл бір сәттік шешім емес, соңғы жылдары елде дәйекті түрде жүзеге асырылып келе жатқан саяси жаңғырту бағытының заңды жалғасы екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы жұмысының ашықтығы, алдағы сайлауға дайындық барысы, сондай-ақ ОСК мүшелерінің еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелеріне жасаған инспекциялық сапарларының нәтижелері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Нұрлан Әбдіров сайлаушыларға дауыс беру тәртібі, үйде, шетелде, сондай-ақ есептен шығару куәлігін пайдалана отырып, басқа елді мекендерде дауыс беру мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру жұмысына ерекше тоқталды.

Халықаралық байқаушыларды жұмысты ұйымдастырудың инновациялық әдістері, атап айтқанда, Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында Sailau AI ЖИ-көмекшінің қолданылуы және азаматтарға өздерінің сайлау учаскелерін іздеу мүмкіндіктері туралы ақпарат беретін цифрлық арналар қызықтырды.

Осыған байланысты Нұрлан Әбдіров байқаушылар миссияларының мүшелерін Қазақстанның жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялық экожүйесінің даму деңгейі айшықтайтын Аlem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығының жұмысымен танысуға шақырды. Ол орталық жұмысын көру Қазақстанның технологиялық әлеуетімен және еліміздің цифрлық трансформацияға қатысты заманауи тәсілдерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін қызықты әрі пайдалы мүмкіндік болатынына сенім білдірді.

ҚҰРЫЛТАЙ
20 августа 2026
НҰРЛАН ӘБДІРОВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУШЫЛАР МИССИЯЛАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров бүгін 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды байқау үшін Қазақстанға келген халықаралық байқаушылар миссияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.

Атап айтатын болсақ, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты, ТҮРКПА-ның Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Осман Местеннің басшылығымен Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы миссиясымен кездесу өтті.

Сондай-ақ ОСК Төрағасы Қазақстанға ТМД атынан Байқаушылар миссиясының басшысы ретінде келген ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенкомен жүздесті.

Осы күні Нұрлан Әбдіров ШЫҰ Байқаушылар миссиясын басқаратын ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхунмен сайлауды өткізуге дайындық барысын талқылады.

Күннің екінші жартысында ОСК Төрағасы Нуру Гулиев бастаған Түркі мемлекеттері ұйымы миссиясының мүшелерімен мазмұнды тақырыптарды қозғады.

Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Байқаушылар миссиясының үйлестірушісі әрі басшысы, Румыния Парламентінің мүшесі Габор Хайду және ЕҚЫҰ ПА делегациясының басшысы, Словения Ұлттық жиналысының депутаты Луция Тацер Перлинмен кездесті.

Келіссөздер барысында Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы байқаушыларға Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның негізгі ережелері туралы ақпарат берді. Нұрлан Әбдіров негізгі өзгерістердің бірі - бір палаталы Құрылтайға көшу екендігін атап өтті. Осыған байланысты алдағы сайлаудың маңызы ерекше, өйткені бұл - жаңа конституциялық модельді іске асырудың аса маңызды кезеңі және жаңартылған Конституция шеңберінде елдің жоғары өкілді органын алғаш рет қалыптастыратын сайлау.

Өз кезегінде, ТҮРКПА байқаушылары Қазақстанда азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған ауқымды реформалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Олар Қазақстанның барлық жетістіктерін тұтас түркі әлемінің ортақ жетістігі ретінде бағалайтынындығына тоқталды.

ТМД Миссиясының байқаушылары сайлауға, әсіресе өңірлерде, белсенді, жоспарлы әрі жүйелі дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олар сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін лайықты жағдайлар жасау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

ШЫҰ миссиясының байқаушылары алдағы Құрылтай сайлауының тарихи маңызына тоқталды. Делегация басшысы мониторингтің объективті түрде және Қазақстанның егемендігін құрметтеу қағидаты негізінде жүргізілетінін атады.

ТМҰ миссиясының мүшелері сайлаудың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтетініне және оның өңірлердің дамуына оң ықпал ететініне сенім білдірді. Делегация басшысы сондай-ақ Қазақстанда бұған дейін қабылданған жаңа Конституция еліміздің дамуындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

ЕҚЫҰ ПА делегациясының мүшелері де миссия жұмысының ұйымдастырылуына көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның ұйым қызметіндегі ерекше рөлін атап өтті.

ҚҰРЫЛТАЙ
20 августа 2026
ӨТКІР СҰРАҚТАР МЕН НАҚТЫ ЖАУАПТАР: 2026 ЖЫЛҒЫ БАСТЫ САЯСИ ПІКІРСАЙЫСТАР НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ?

«24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының тапсырысы бойынша ұйымдастырылған «Басты дебат - 2026» телепікірсайысы өтті.

Ауқымды шара елдегі көп партиялылықтың жоғары деңгейін және сайлау алдындағы бағдарламалар арасындағы бәсекелестікті көрсетті. Бұл - ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы алдындағы қорытынды телевизиялық пікірсайыс.

Жобаның айрықша мәртебесін оған қатысушылардың құрамы да айқын көрсетті. Пікірсайыс алаңында Қазақстанда тіркелген барлық жеті саяси партияның басшылары бас қосты: «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева, Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров және «Baytaq» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Пікірсайыс барысында эфир алаңында регламенттің сақталуы және қатысушыларға сөз сөйлеу үшін тең мүмкіндіктердің берілуі Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік тарапынан жүргізілді.

Пікірсайыс басталар алдында эфирде оған қатысушы жеті партияның барлығының сайлауалды штабтарынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Агенттіктің АҚШ, Қытай және БАӘ елдеріндегі меншікті тілшілері еліміздегі саяси өмірге белсенді қызығушылық танытып отырған отандастармен телекөпір өткізді.

19:00-де арнайы бағдарламадан бастау алған «Басты дебат» заманауи технологияларды, қызу пікірталастарды, халықаралық телекөпірлер және партия жақтастарының шынайы эмоцияларын үйлестірген ауқымды пікірталас алаңына айналды.

Экранның ар жағындағы көрермендерге де саяси бәсекеге тікелей қатысуға мүмкіндік берілді. Сайлаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын QR-код арқылы партия көшбасшыларына жолдаса, ал байланыс орталығына келіп түскен өтініштер эфирде жарияланды. Нәтижесінде ел азаматтарынан 59 мыңға жуық сұрақ келіп түсті.

Көрермендер саяси бәсекені «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінен, сондай-ақ арнаның YouTube, Telegram, TikTok, Facebook және Instagram желілеріндегі ресми аккаунттарынан онлайн режимде тамашалады.

Пікірсайыс барысында жеті саяси партияның басшылары мемлекетті дамыту, экономикалық саясат, әлеуметтік сала және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру бағыттары бойынша өз ұстанымдарын таныстырды.

Ашық пікірталас саяси платформаларды салыстыруға, ортақ тұстарды анықтауға және мемлекеттік саясаттың негізгі мәселелеріне қатысты партиялардың ұстанымдарындағы түбегейлі айырмашылықтарды көруге мүмкіндік берді.

Пікірсайыстың мазмұнды кезеңдерінің бірі - азаматтардың тікелей сұрақтарына арналған раунд болды. Сауалдар тек ел азаматтарынан, сондай-ақ шетелден, оның ішінде Бельгиядан сұрақтар жолданды.

Қорытынды раундта барлық жеті партияның көшбасшысы сайлаушыларға үндеу жасады. Әр партия төрағасы өз бағдарламасының негізгі тұжырымдарын атап, тарихи дауыс беру қарсаңында азаматтарға тікелей үн қатуға мүмкіндік алды.

«Басты дебат - 2026» телепікірсайысын төмендегі сілтеме арқылы көруге болады:

https://www.youtube.com/live/rEwlDpfZFxQ

ҚҰРЫЛТАЙ
19 августа 2026
«МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР ҮШІН САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНІҢ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІНЕ МОНИТОРИНГ: ЕСКЕРТУЛЕРДІҢ 98,6%-Ы ОРЫНДАЛДЫ

Арнайы мониторинг топтары еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелерін аралап, олардың мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігін тексерді. Топтар Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық аясында Орталық сайлау комиссиясының тапсырмасы бойынша құрылды.

Мониторинг жұмыстарының мақсаты - сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығын тексеру және олардың мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін одан әрі жетілдіру бойынша шаралар қабылдау.

Өңірлердің басым бөлігінде мониторинг бірнеше кезең бойынша жүргізілді. Бастапқы тексеру барысында кемшіліктер анықталған жағдайда, кейіннен мониторинг тобы олар бойынша қайта тексеру жүргізді.

Жалпы республика бойынша барлық сайлау учаскелерінің 97,8%-ы мониторингпен қамтылды. Оның 15,2%-ында кемшіліктер анықталды. Бүгінгі таңда анықталған ескертулердің 98,6%-ы жойылды. Қалған сайлау учаскелерінде жұмыстар жалғасуда.

Мониторинг жүргізуге 1000-нан астам адам тартылды. Топ құрамы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, өңірлердің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және әлеуметтік қорғау саласының мамандарынан жасақталды.

Мониторинг жұмыстарының негізгі параметрі - сайлау учаскелерінің қолжетімділігі. Пандустардың, тұтқалардың, көмек шақыру батырмаларының, арнайы автотұрақ орындарының, қолжетімді навигацияның, тактильді және бедерлі көрсеткіштердің болуы және олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ азаматтардың өздігінен жүріп-тұруы мен дауыс беруіне жағдай жасалуы және сайлау туралы қолжетімді ақпараттың болуы тексерілді.

 

Мониторинг жұмыстарының негізгі параметрі - сайлау учаскелерінің қолжетімді болуы. Пандустардың, тұтқалардың, көмек шақыру батырмаларының, арнайы автотұрақ орындарының, қолжетімді навигацияның, тактильді және бедерлі көрсеткіштердің болуы және олардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, азаматтардың өздігінен жүріп-тұруы мен дауыс беруіне жағдай жасалуы, сондай-ақ сайлау туралы қолжетімді ақпараттың болуы тексерілді. Сонымен қатар сайлау учаскелері орналасқан ғимараттар мен үй-жайларға тексеру жүргізілді. Атап айтқанда, пандустардың болуы мен олардың жай-күйі, мүгедектер арбасының бұрылуына арналған алаңдардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, көтергіш тетіктердің, тактильді көрсеткіштердің, көмек шақыру батырмаларының және тұтқалардың болуы басты назарға алынды. Сондай-ақ мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтардың өздігінен жүріп-тұруына кедергі келтіретін табалдырықтар мен өзге де кедергілердің болуы қарастырылды.

Анықталған кемшіліктердің қатарында қолжетімді орта элементтерінің жекелеген түрлерінің болмауы немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, т.б. болды . Атап айтқанда, арнайы автотұрақ орындарының, көмек шақыру батырмаларының, тактильді көрсеткіштердің, баспалдақтардың сатыларын контрастты таңбалаудың, ақпараттық-навигациялық құралдардың, сондай-ақ қолжетімді санитариялық-гигиеналық үй-жайлардың талаптарға сәйкес келмеуі анықталды.

Қалған ескертулердің жойылуын бақылау жұмыстары жалғасуда. Аумақтық сайлау комиссияларына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дауыс беру күніне дейін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттыру бойынша қажетті іс-шаралардың толық аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды.

ҚҰРЫЛТАЙ
18 августа 2026
ОСК: АККРЕДИТТЕЛГЕН БАЙҚАУШЫЛАР САНЫ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚТЫҢ ЖОҒАРЫ ЕКЕНІН КӨРСЕТЕДІ

Бүгін 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының XIII отырысы өтті.

Отырысқа бейнеконференцбайланыс режимінде астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ облысәкімдері аппараттарының басшылары қатысты. Сонымен қатар отырысқа дәстүр бойынша халықаралық байқаушылар, саяси партиялардың, Сыртқы істер министрлігінің және БАҚ өкілдері шақырылды.

Отырыстың күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:

  1. 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру және оның қорытындыларын шығару тәртібі туралы;
  2. «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеудің қорытындылары туралы».

Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы бір күн бұрын ОСК мүшелері инспекциялық сапарларын аяқтағанын атап өтті. Бұл сапарлар барысында еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелері қамтылды. Комиссия төрағасы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, сайлау учаскелерінің сайлауға жоғары деңгейде дайын екендігін атап өтті. Сонымен бірге сайлау күніне дейін шешілуі тиіс бірқатар өзекті мәселеге назар аударды.

«Сапарлар барысында комиссиялардың жұмысы және сайлау учаскелерінің дауыс беруге дайындығы жан-жақты зерделенді. Жекелеген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді. ОСК мүшелері сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне және мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Сондай-ақ ауа райының жағдайына қарай барлық сайлау учаскелерінде қолайлы температуралық режимді қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда кондиционерлердің жағдайын тексеру және желдету жүйелерімен жабдықтау қажет. Сондай-ақ дауыс беру күні жедел медициналық көмек көрсету қызметінің жұмысын күшейту керек. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардан аталған мәселелерді ерекше бақылауға алуды сұраймын. Инспекциялық сапарлар барысында айтылған барлық ескертулер толық пысықталып, олар бойынша қажетті шаралар 23 тамызға дейін қабылдануы тиіс», - деп ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сапарлар қорытындысын шығарды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов дауыс беруді ұйымдастыру және оның қорытындыларын шығару тәртібі туралы баяндады. Оның айтуынша, дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде, оның ішінде Қазақстан Республикасының 61 елдегі 79 өкілдігінде ұйымдастырылады.

Дауыс беру 7.00-ден 20.00-ге дейін өтеді. Әскери бөлiмдерде, шалғай жерде және қатынасу қиын аудандарда орналасқан, шалғайдағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, үздіксіз жұмыс істейтін өндірісі бар ұйымдарда, демалыс үйлерiнде, санаторийлік-курорттық ұйымдарда, стационарлық жағдайда емделіп жатқан, азаматтар тұратын мекендерде, жұмысты вахталық әдіспен ұйымдастыру орындарында, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi өкiлдiктерiнiң жанынан құрылған сайлау учаскелерінде учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушылар тізіміне енгізілген бардлық азаматтар дауыс берген жағдайда, дауыс беруді аяқталды деп хабарлауы мүмкін.

Азамат Айманакумов сайлау учаскелерінде болу қағидаларын сақтаудың маңыздылығын да атап өтті.

«Дауыс беруге арналған үй-жайда болатын адамдар учаскелік сайлау комиссиясы белгілеген қағидаларды қатаң сақтауға міндетті. Тиісті учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беруге арналған үй-жайда бір мезгілде болатын азаматтардың санын реттейді, тәртіпке жауапты болады және Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының ережелерін бұзып, дауыс беруді өткізуге кедергі келтірген кез келген адамның ол жерден кетуін талап етуге хақылы. Дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайда дауыс беру процесіне қатысы жоқ басқа адамдардың болуына жол берілмейді. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасы бұзылған жағдайда учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі оның жұмысына қатысудан дереу шеттетіледі, ал байқаушы және өзге де адамдар сайлау комиссиясының жазбаша түрде қабылданған дәлелді шешімі бойынша үй-жайдан шығарылады», - деді Азамат Айманакумов.

ОСК мүшесі денсаулық жағдайына байланысты немесе отбасының сырқат мүшесіне күтім жасауына орай сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтардың үйде дауыс беру мүмкіндігі бар екенін еске салды. Сондай-ақ Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап он күн мерзімде белгілейтінін атап өтті.

Өз кезегінде ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік отырысқа қатысушыларды сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жасалып жатқан жағдайлар туралы хабардар етті. Атап айтқанда, ол барлық сайлау учаскелерінде қолжетімді болатын дауыс беру бюллетеніне арналған Брайль қарпі бар арнайы трафаретті таныстырды. Осы бағытта Орталық сайлау комиссиясының негізгі мақсаты - көру қабілеті бұзылған азаматтарға өз бетінше дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету.

«Трафареттің мазмұны дауыс беруге арналған бюллетеньге толығымен сәйкес келеді және екі тілде әзірленген. Брайль қарпінің бедерлі-нүктелі таңбалары кәдімгі баспа мәтінімен салыстырғанда көбірек орын алатынын ескерсек, трафарет екі жақты етіп жасалған. Алдыңғы жағында бюллетеньнің атауы туралы ақпарат, ал артқы жағында сайлауға қатысатын саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» жолы жазылған. «Трафаретті әзірлеу және дайындау барысында бюллетеньге сәйкестік талаптары, сондай-ақ мамандар мен Брайль қарпін пайдаланушылардың практикалық ұсынымдары ескерілді», - деп атап өтті ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік.

Айта кетейік, Брайль қарпі бар мұндай трафарет - мүгедектігі бар адамдарға қажетті ақпаратпен танысып, өз бетінше дауыс беруге мүмкіндік беретін жалғыз тәсіл емес. Әрбір сайлау учаскесінде арнайы бұрыштар ұйымдастырылған. Онда диагоналі кемінде 54 сантиметр болатын мониторы бар компьютер қарастырылған. Компьютерде партиялық тізімдерін ұсынған жеті саяси партия туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жиынтығына сәйкес бірыңғай форматта аудиоақпарат, сондай-ақ басқа да аудио- және бейнематериалдар орналастырылған. Арнайы бұрышта құлаққаптар, қосымша жарықтандыру құралдары және үлкейткіш лупа да қарастырылған.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман халықаралық байқаушыларды аккредиттеу жұмыстарының кеше, 17 тамызда аяқталғанын атап өтті.

 «В Центральную избирательную комиссию от Министерства «Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен 18 шет мемлекет пен 5 халықаралық ұйымнан 121 байқаушының кандидатурасы аккредиттеуге ұсынылды. Оның ішінде ТМД Байқаушылар миссиясынан - 8, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы - 4, ЕҚЫҰ ДИАҚБ Байқаушылар миссиясынан - 7, ШЫҰ миссиясынан - 6, Түркі академиясынан - 3 байқаушы бар. Сондай-ақ Қытай, АҚШ, Таиланд, Ұлыбритания, Түркия, Моңғолия, Үндістан, Индонезия, Франция, Ирак, Словакия, Өзбекстан, Филиппин, Жапония, Бельгия, Иордания, Сербия және Түрікменстан елдерінен 93 байқаушы ұсынылды», - деп хабарлады Мұхтар Ерман.

Осылайша Құрылтай сайлауын халықаралық байқауға 777 шетелдік байқаушы қатысады. Олар - 42 шет мемлекет пен 13 халықаралық ұйымның өкілдері. Сондай-ақ халықаралық байқаушылар қатарында 41 елдің парламенттерінен 138 депутат бар.

«Халықаралық байқаушылардың саны Құрылтай сайлауына халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Олардың қатысуы сайлау науқанының ашықтығы мен жариялылығына ықпал етеді. Бұл - біздің халықаралық міндеттемелерді ұстануымыздың, сондай-ақ электоралдық салада халықаралық ұйымдар және шет мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықты жалғастырып келе жатқанымыздың дәлелі. Сондай-ақ басқа елдердің орталық сайлау органдарындағы әріптестеріміздің қатысатындығын атап өткім келеді. Олардың Қазақстанда өткізілетін сайлау науқандарына тұрақты қызығушылық танытып келе жатқаны үшін алғысымды білдіремін. Құрылтай сайлауын байқауға 22 мемлекеттің орталық сайлау органдарының өкілдері, оның ішінде 11 сайлау комиссиясының төрағалары қатысады», - деп қорытындылады Нұрлан Әбдіров.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері БАҚ-қа арналған брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

ҚҰРЫЛТАЙ
18 августа 2026
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА ДАЙЫН: 716 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ ЖӘНЕ 4 МЫҢНАН АСТАМ КОМИССИЯ МҮШЕСІ

Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында ОСК мүшесі Михаил Бортник Қостанай облысындағы сайлау учаскелеріне барып, жұмыс кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында сайлау процесін ұйымдастыруға және комиссиялардың сайлауға дайындығына ерекше назар аударылды.

Сапар барысында Михаил Бортник дауыс беру үшін жасалған жағдайлармен, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуымен және учаскелердегі жұмыстың ұйымдастырылуымен танысты. Мемлекеттік органдардың, аумақтық және учаскелік комиссиялардың өкілдерімен өткен жұмыс кеңестерінде сайлауға дайындықтың өзекті мәселелері және дауыс беру күні өзара іс-қимыл жасау мәселелері талқыланды.

Қостанай облысында алдағы Құрылтай сайлауына 716 сайлау учаскесі дайындалды. Олардың барлығы дауыс беруге арналған жәшіктермен және кабиналармен жабдықталған, мүгедектігі бар сайлаушылар мен байқаушылар үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Тамыз айының басынан бастап 4 310 сайлау комиссиясының мүшесі жұмысқа кірісті. Олардың дауыс беруге дайындығы сайлаушылар тізімдерін нақтылауды, азаматтарды ақпараттандыруды, есептен шығару куәліктерін беруді, сондай-ақ үй-жайлардың дайындығын және барлық сайлаушылар үшін жасалған жағдайларды тексеруді және басқа да жұмыстарды қамтиды.

Қостанай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасының айтуынша, аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту аяқталды. Олардың барлығы тестілеуден өтіп, дауыс беру кезеңінде жұмыс істеуге қажетті дайындық деңгейін растады.

Сапар барысында Михаил Бортник Қостанай ауданындағы №548 және №881 сайлау учаскелерінің, сондай-ақ Қостанай қаласындағы №21, №53, №60 және №879 сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастырумен танысты.

Мониторинг қорытындысы бойынша ОСК мүшесі дайындықтың соңғы кезеңінде сайлау учаскелерінің барлық бағыт бойынша әзірлігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Бұл ұйымдастырушылық рәсімдер мен материалдық-техникалық жарақтандырудан бастап, әрбір сайлаушыға қолайлы жағдай жасауға дейінгі жұмыстарды қамтиды.

«Дауыс беру күні сайлаушылармен учаскелік комиссиялар тікелей байланыста болады. Сондықтан комиссияның әрбір мүшесі белгіленген рәсімдерді мұқият сақтап, заң талаптарына сәйкес және ашық әрекет етуі маңызды. Бұл азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын және дауыс беруге қатысушылардың барлығы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Михаил Бортник.

Сапар аясында облыс басшылығының, құқық қорғау органдары өкілдерінің және аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.

Іс-шара барысында мемлекеттік органдар өңірдің алдағы сайлауға дайындығын қамтамасыз ету, дауыс беру күні қоғамдық тәртіпті сақтау, сайлау учаскелеріндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ электр энергиясы мен интернет байланысының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы ақпарат берді.

Қостанай облысында алдағы сайлауға 540 179 сайлаушы қатыса алады. Олардың ішінде 4 062-ге жуық мүгедектігі бар азамат және өздерінің сайлау құқығын алғаш рет жүзеге асыратын 4000-ға жуық азамат бар.

ҚҰРЫЛТАЙ
18 августа 2026
БАСТЫ НАЗАРДА - САЙЛАУШЫ: ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ БҚО-НЫҢ САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Батыс Қазақстан облысына барды. Сапар барысында ол сайлау учаскелерінде болып, семинарға қатысты, комиссия мүшелерімен кездесті және мемлекеттік органдармен сайлауға дайындықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Сайлау қорытындыларына сайлаушылардың сенімі көп жағдайда дауыс беруді учаскеде тікелей ұйымдастыратын мамандардың кәсібилігіне байланысты. Сондықтан комиссияларды даярлау жұмыс барысындағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Сапар аясында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 120 өкілінің қатысуымен семинар өтті. Жалпы облыстағы 3126 учаскелік комиссия  мүшелерінің барлығы каскадты оқытумен қамтылды.

Сапар барысында ОСК хатшысы Теректі ауданындағы №360, №363, №367 және №384 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Әсіресе оқыту барысында алынған білімнің іс жүзінде қалай қолданылатынына назар аударылды. Атап айтқанда, үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру, байқаушылардың құжаттарын тексеру, БАҚ өкілдерін сайлау учаскелеріне кіргізу, есептен шығару куәліктерін беру және дауыстарды қайта санау туралы шешім қабылдау мәселелері қаралды.

Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлау процестерін цифрландыру саласындағы пилоттық жобаларды таныстырды. Олардың қатарында дауыс беру күні учаскелік комиссиялардың жұмысын жеңілдетуге, есептілікті автоматтандыруға, қағаз құжат айналымын қысқартуға және негізгі рәсімдерді орындауға уақытты үнемдеуге бағытталған технологиялық шешімдер бар.

Шавхат Утемісов жаңа құралдардың практикалық тиімділігін, сондай-ақ Құрылтай депутаттарын сайлауға орай Oralsaylau.kz геоақпараттық порталының жаңартылған нұсқасын бағалады.

Өңірде сайлаушыларды ақпараттандыруға ерекше назар аударылуда. Дәстүрлі форматтармен қатар, азаматтармен коммуникацияның қосымша тәсілдері енгізілуде. Бұл қажетті ақпаратты олардың күнделікті болатын орындарында тікелей алуға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, теміржол вокзалында, халықаралық әуежайда және қаланың ең ірі сауда ойын-сауық орталығында және облыстың 5 аудан орталығында арнайы ақпараттық пункттер ашылды. Бұл жұмыста Жас сайлаушылар клубының мүшелері маңызды рөл атқарады: олар Орталық сайлау комиссиясының материалдарын таратады, азаматтардың сұрақтарына жауап береді және сайлауға қатысудың практикалық мәселелерін түсіндіруге көмектеседі. Атап айтқанда, сайлау учаскесінің мекенжайын анықтаудан және дауыс беру тәртібінен бастап, есептен шығару куәлігін алу мен колл-орталыққа жүгінуге дейінгі мәселелер бойынша ақпарат береді.

ОСК хатшысының жұмыс сапарының қорытынды бөлігі Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы мәселелері жөніндегі кеңес болды. Басты назар барлық қызметтердің іс-қимыл үйлесімділігіне және өңірдің дауыс беру күніне дайындығына аударылды.

Облыс әкімінің орынбасары және прокуратура, ішкі істер, төтенше жағдайлар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарының басшылары өз бағыттары бойынша ақпарат берді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасау мәселелері талқыланды.

Батыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов сайлау инфрақұрылымындағы өзгерістер туралы баяндады. Жыл басынан бері өңірде екі жаңа сайлау учаскесі құрылып, сайлаушылар саны аз үш учаске таратылды, тағы 15 учаскенің шекаралары нақтыланды. Барлық өзгерістер туралы сайлаушыларға уақтылы ақпарат берілді.

Тексеру сапарының қорытындысын шығара келе, ҚР ОСК хатшысы Шавхат Утемісов сайлауға дайындықтың соңғы кезеңінде сайлау процесіне қатысушылардың барлығының іс-қимылының үйлесімділігі мен кәсіби жауапкершілігі айрықша маңызды екенін атап өтті:

«Сайлауға деген сенім ең алдымен жергілікті жерлерде - дауыс беру тікелей ұйымдастырылатын жерде қалыптасады. Сондықтан сайлау комиссияларының, мемлекеттік органдардың және осы процеске тартылған барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының маңызы зор. Дәл осы өзара іс-қимыл дауыс берудің заңдылығын, ашықтығын және нақты ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».

Батыс Қазақстан облысында 502 сайлау комиссиясы жұмыс істейді.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері