
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі суармалы суды пайдалану қағидаларын бекітті. Бұл қағидаларда суды белгіленген нормадан артық тұтынған, өсірілетін дақылдарды өз бетінше ауыстырған және тиісті шартсыз су алған жағдайда тарифтерді арттыру көзделген. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
«2026 жылы су үнемдеу технологиялары мен есепке алу құралдарының бар-жоғына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлеріне байланысты тарифтерді саралауды көздейтін тариф қалыптастырудың жаңа әдістемесін бекіту және пилоттық енгізу жоспарланып отыр», – деп атап өтті ведомствода.
Су ресурстары министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың соңына қарай Қазақстанда су үнемдеу технологияларын қолданудың жалпы алаңы 543,5 мың гектарға жетті. Орта есеппен бұл көрсеткіш жыл сайын 150 мың гектарға артып келеді. Есептеулерге сәйкес, 2025 жылы бұл шамамен 874 млн текше метр суармалы суды үнемдеуге мүмкіндік берді.
Жалпы, 2030 жылға қарай су үнемдеу суару технологияларымен республиканың суармалы жерлерінің жалпы аумағының 70%-ын немесе 1,3 млн гектарын қамту жоспарланып отыр. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп.
Сондай-ақ Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат көлемі төрт есе артқаны атап өтілді.
Мемлекеттік қолдау су үнемдеу технологияларын өндіру нарығының дамуына ықпал етті. Қазіргі уақытта Қазақстанда жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын өндіретін бес отандық зауыт жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, өткен жылы Министрлікке суармалы су бойынша тарифтік реттеуші функциялар берілген болатын.