Біздің қызмет алушыларда неке 2019 жылдан кейін сот шешімімен бұзылған жағдайда некені бұзу туралы куәлікті қалай алу туралы сұрақтар туындайды.
2019 жылғы 25 қарашадағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында тіркеу рәсімін айтарлықтай жеңілдету, қызмет көрсету мерзімі мен құжаттардың тізбесін қысқарту, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру көзделгенін естеріңізге саламыз.
Соның ішінде, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде «АХАЖ» АЖ автоматты түрде жаңарту арқылы неке қию туралы жазбада осы фактіні көрсете отырып, сот шешімі негізінде некені бұзуды тіркеу алынып тасталды. .
Осылайша, Кодекстің 23-бабына сәйкес, тіркеуші органдарда бұзылатын неке - азаматтық хал актілерін жазу кітабында некенің бұзылуы мемлекеттік тіркелген күннен бастап, ал неке сотта бұзылған кезде некені бұзу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
Соттың некені бұзу туралы заңды күшіне енген шешімі тіркеуші органдарда мемлекеттік тіркеуге жатпайды.
Ерлі-зайыптылар соттың некені бұзу туралы шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жаңадан некеге отыруға (тіркелуге) құқылы.
Осыған сәйкес, мысалы, егер сіз некенің бұзылуына байланысты тегіңізді өзгерткіңіз келсе, онда Кодекстің 22-бабына сәйкес сот шешімінде неке бұзылғаннан кейін ерлі-зайыптылардың тегі көрсетілуі тиіс, бұл жағдайда сот шешімі тегін өзгертуге негіз құжаты болып табылады.
Сондай-ақ, өтініш берушілер некені бұзу туралы ақпаратты көрсететін неке туралы анықтама ала алады.
Некенi сот тәртiбiмен бұзу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады: ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балалары болған; ерлі-зайыптылардың бірінің некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға келісімінің болмаған; егер ерлі-зайыптылардың біреуі өзінің қарсылығы болмауына қарамастан, өз іс-әрекеттерімен не әрекетсіздігімен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзудан жалтарған; ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік және басқа да талаптары болған жағдайларда.
Кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некені бұзуға өзара келісімі кезінде және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде тіркеуші органдарда неке бұзылатын болады.
Ажырасу туралы өтініш тиісті ұйымдарға бармай-ақ онлайн беріледі. Оны «электрондық үкімет» порталы арқылы жасауға болады, ерлі-зайыптылардың ЭЦҚ-лары болуы керек.
Егер ерлі-зайыптылардың біреуін сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса; сот әрекетке қабілетсіз деп таныса; сот әрекет қабілеті шектеулі деп таныса; қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға соттаса, неке ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуына қарамастан, ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша тіркеуші органдарда бұзылады.
Бұл ретте некені бұзатын тұлғаларға некені бұзу туралы куәліктер электрондық түрде, қалауы бойынша қағаз түрінде беріледі.
Айта кету керек, заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін мүдделі мемлекеттік органдарға 2019 жылдың 10 желтоқсанынан кейін сот шешімімен некені бұзған жағдайда артық құжаттарды, оның ішінде некені бұзу туралы куәліктерді талап етуге жол берілмейтіндігі туралы хабарланған.