Неке қиюды тіркеу

Неке қиюды тіркеу

Неке қиюды тіркеу – АХАТ бөлімінің ең әдемі рәсімі. 2022 жылдың 10 айында Екібастұз қаласы әкімдігінің АХАТ бөлімінің мұрағат қоры 789 азаматтық хал актілері жазбаларымен толықтырылды.
Неке қию тәртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексімен реттеледі.
Қазақстанда некеге тұру 18 жасқа толғанда мүмкін болады. Дәлелді себептер болған жағдайда бұл жас екі жылға дейін қысқартылуы мүмкін, ол үшін осы жасқа толмағандар заңды өкілдерінің келісімін және неке жасын төмендету туралы өтінішті ұсынулары керек.
Неке қию туралы өтінішті онлайн режимінде беруге болады. Ол үшін egov.kz электронды үкімет порталына кіріп, «отбасы», «отбасылық жағдайы» бөлімінде «Неке қиюды тіркеуге электрондық өтініш беру» қызметін теру керек және электрондық өтінішке қол қою үшін ЭЦҚ-ның міндетті түрде болуы қажет. Сондай-ақ, банк картасы арқылы 1 АЕК (3063 теңге) мөлшерінде мемлекеттік баж төленуі талап етіледі.
15 күнтізбелік күн өткеннен кейін белгіленген күні неке қию тіркеледі, өтініш берушілер неке туралы куәлікті электрондық түрде, қалауы бойынша қағаз жүзінде алады. Сол күннен бастап олар заңды ерлі-зайыптылар болып саналады.
Дәлелді себептердің болуы кезінде (бала тууы, жүктілік, тараптардың бірінің өміріне қауіп төнуі және т.б.) некенi мемлекеттiк тiркеу орны бойынша тiркеушi орган неке қиюды тiркеудiң 15-күндік мерзiмiн қысқартуға немесе ұзартуға рұқсат бере алады.
Ол үшін көрсетілген мерзімді қысқарту (ұзарту) қажеттілігінің мән-жайларын растайтын тиісті медициналық құжаттарды (дәрігерлік біліктілік комиссиясының жүктілік туралы анықтамасы, денсаулық жағдайы туралы анықтама, басқа да ерекше мән-жайларды растайтын анықтамалар) ұсыну қажет.
Неке қиюды тіркеу фактісі үшін некеге отыратын адамдар екеуі де цифрлық құжат қызметінен электрондық құжатты немесе жеке басын куәландыратын құжатты (сәйкестендіру үшін) өзімен бірге алып, АХАТ бөліміне белгіленген жұмыс күні келуі керек (бөлімдегі кезек ретін сақтай отыра), бұл процедура үшін куәгерлер талап етілмейді.


Екібастұз қаласы әкімдігінің
АХАТ бөлімінің бас маманы Л. Бигалиева