Неке бұзуды тіркеу

Неке бұзуды тіркеу

Неке бұзуды тіркеу

2020 жылдың 9 айында АХАТ бөлімі некені бұзу туралы 183 азаматтық хал актілері жазбаларын, оның ішінде сот шешімі бойынша 94-ін тіркеді.

         2019 жылдың 10 желтоқсанынан кейін некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімінің негізінде қабылданған некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы актілік жазба тіркелмейді, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы актілік жазбада некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы белгі қойылады (егер ол автоматты түрде қойылмаса).

 

Қандай жағдайларда неке сот арқылы бұзылуы керек?

 

Некені сот арқылы бұзу келесі жағдайларда жүзеге асырылады (ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 19-бабының 2-тармағы):

- ерлі-зайыптыларда кәмелетке толмаған ортақ балалардың болуы (мынандай жағдайларды қоспағанда: әрекетке қабiлетсiздік, іс-әрекетке шектеулі қабілеттілік, жұбайының хабар-ошарсыз жоқ болуы немесе оның үш жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталуы);

- жұбайлардың біреуінің некені бұзуға келісімінің болмауы;

- жұбайлардың біреуінің қарсылығы болмағанмен өз әрекеттері не әрекетсіздігі арқылы некені (ерлі-зайыптылықты) бұзудан жалтарса;

- ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік және өзге де талаптардың болуы.

 

 

АХАТ тіркеу органдарында некені тоқтату

 

Егер ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары, сондай-ақ өзара мүліктік және бір-біріне қатысты басқа да талаптары болмаса, онда некені бұзу рәсімі айтарлықтай жеңіл болады және оны соттың істі қарауынсыз да жасауға болады.

Егер ерлі-зайыптылардың біреуін:

- сот 3 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға соттаса;

- сот әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке шектеулі қабілетті деп таныса;

- сот хабарсыз кеткен деп таныған болса,

тіркеу органдары арқылы, ортақ балалардың болуына қарамастан, некені бұзуға болады.

АХАТ органдарына өтінішті тұрғылықты жері бойынша ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де береді. Егер сот ерлі-зайыптылардың біреуін әрекетке қабілетсіз деп таныса, онда өтінішті оның қамқоршысы береді.

Тіркеуші органның қызметкерлері өтінішті қабылдап, оны бір ай ішінде қарастырады, содан кейін олар некенің бұзылуын тіркейтін күнді белгілейді, сол күні ерлі-зайыптылардың екеуі де некені бұзуды тіркеуге келуі тиіс. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі белгіленген күні келе алмаса, өтініш орындалмайды. Ал өтінішті қайтадан беруге болады, бірақ некені бұзуды тіркеу мерзімі тағы бір айды құрайды.

Өтінішті қарастырғаннан кейін АХАТ бөлімі некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы актілік жазба жасап, ерлі-зайыптылардың әрқайсысына некені бұзу туралы куәлік береді.

 

Некені бұзған кезде оның тоқтатылу кезі

 

Некенің тоқтатылуы дегеніміз ерлі-зайыптылардың өздеріне тәуелді емес жағдайлардың (қайтыс болу, біреуін қайтыс болды деп жариялау немесе біреуінің хабар-ошарсыз жоқ деп танылуы) нәтижесінде немесе ерлі-зайыптылардың екеуінің, сондай-ақ біреуінің де некені бұзу арқылы жеке еркі бойынша жасалған әрекеттері нәтижесінде құқықтық қатынастарының тоқтатылуы.

Тіркеу органдарында бұзылатын неке азаматтық хал актілерін жазу кітабында некенің бұзылуын мемлекеттік тіркеген күннен бастап, ал неке сотта бұзылған жағдайда - соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.

Ерлі-зайыптылар арасындағы неке тоқтатылғанмен ата-аналар және осы некеде туылған немесе асырап алынған балалар арасындағы құқықтық қатынастар үзілмейді және тоқтатылмайды.