2020 жылдың 9 айында Екібастұз қаласы әкімдігінің АХАТ бөлімінің мұрағат қоры тағы 4216 азаматтық хал актілері жазбаларымен толықтырылды.
Оның ішінде некені тіркеу туралы 709 (2019 жылы -771) актілік жазбалар бар, оның ішінде 19-ы шетелдік азаматтармен (2019 жылы - 15).
Неке қиюды тіркеу - АХАТ бөлімінің ең әдемі рәсімі.
Некені қию тәртібі Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексімен регламенттелген.
Қазақстанда 18 жасқа толған кезде некеге тұруға болады. Бұл жас дәлелді себептермен екі жасқа дейін қысқартылуы мүмкін, ол үшін осы жасқа толмаған адамдар заңды өкілдерінің келісімін және неке жасын төмендету туралы өтініштерін ұсынулары тиіс.
Некеге тұру туралы өтінішті онлайн режимінде беруге болады. Ол үшін egov.kz электрондық үкіметтің порталына кіру керек.
Бір ай өткеннен кейін белгіленген күні некені тіркеу жүргізіледі, өтініш берушілер некені тіркеу туралы куәлік алады. Осы күннен бастап олар заңды ерлі-зайыптылар болып саналады.
Дәлелді себептер болған жағдайда (баланың тууы, жүктілік, тараптардың бірінің өміріне қауіп төнуі және т.б.) неке қиюды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші орган неке қиюды тіркеу үшін бір айлық мерзімді азайтуға немесе ұлғайтуға рұқсат бере алады.
Ол үшін көрсетілген мерзімді азайту (ұлғайту) қажеттілігінің жағдайын растайтын тиісті медициналық құжаттарды (жүктілік туралы дәрігерлік-біліктілік комиссияның анықтамасы, денсаулық жағдайы туралы анықтама, басқа да ерекше жағдайларды растайтын анықтамалар) ұсыну қажет.
Некені тіркеу фактісі үшін некелесушілер АХАТ бөліміне өздерімен бірге жеке куәліктерінің түпнұсқасы мен мемлекеттік баж салығын төлегенін растайтын электрондық чекті алып, тағайындалған жұмыс күні (бар кезек ретін сақтай отырып) келуі тиіс, осы рәсім үшін куәгерлер қажет емес.