Қазақстандағы өндірістік жарақаттану деңгейі 4,5%-ға азайды

Қазақстандағы өндірістік жарақаттану деңгейі 4,5%-ға азайды

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің мәліметі бойынша 2024 жылы өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1408 жұмыскер зардап шегіп, оның 202-і қаза болған. Бұл ретте 2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану коэффициенті (1000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,20 құрады.
Республиканың өнідірістік аймақтарында жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 159 адам, ШҚО-да – 124 адам, Павлодар облысында – 112 адам, Абай облысында – 101 адам, Қостанай облысында – 91 адам, зардап шеккен. Сондай-ақ, Алматы қаласында 116 адам зардап шекті.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 18,3% және құрылыс саласында – 10,1%.
Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (35,5%); жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (31%); жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,2%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу (7,6%).
Қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,3%-ға төмендеді.
Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
2019 жылдан бастап Министрлік тарапынан «Нөлдік жарақат - Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс атқарылуда. Оған бүгінде 605 кәсіпорын қосылды.