Елордада Ұлттық академиялық кітапханада Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған дөңгелек үстел және «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың авторы – Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересі Абай Шарапиев.
Дөңгелек үстелде ұлы тұлғаның қазақ тарихындағы және руханиятындағы орны, артында қалдырған мұрасын жас ұрпаққа жеткізу, қоғамда насихаттау және тың зерттеулер жүргізу секілді мәселелер көтерілді. Жиынға Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпақтары, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, мәшһүртанушылар, медиа-менеджерлер қатысты.
Кітапты құрастырушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Абай Шарапиевтің айтуынша, жинаққа анық және дәл ақпараттар енген. «Бұл кісінің тылсым қасиеттері - емшілігі, батагөйлігі, көріпкелдігі толық зерттелген жоқ. Сол себептен мен осы бабамызды көрген, нақты қолынан дәм татқан адам ретінде осыны қолға алдым. Бабамыздың батасымен дүниеге келген адамдардың өз аузынан естіп, осы кітапты жазып шықтым», - деді Абай Шарапиев.
«Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты туындыны жазуға ол 23 жыл уақытын жұмсаған.
Кітапты шығаруға демеушілік еткен «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.