Мыңбаевтар отбасысы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде I орын алды

Мыңбаевтар отбасысы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде I орын алды

Қала тұрғындарының назарына «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде I орын алған Екібастұздық Мыңбаевтар отбасын ұсынамыз.
Екібастұз қаласындағы ірі көмір компанияларының бірі «Богатырь Көмір» кәсіпорнында еңбек ететін Мыңбаевтар әулеті туралы мақтанышпен айтуға болады. Отбасы мүшелерінің әрқайсысының өндірісте үлкен тәжірибесі бар. Олар өздеріне сеніп тапсырылған істе ерекше орындаушылық пен ұқыптылық танытады, жеке бастамашылық пен ұйымдастырудың жоғары дәрежесіне ие. Жаңадан жұмысқа орналасқан жас мамандар үшін білікті тәлімгер бола алады.
Мыңбаевтар әулетінің негізін қалаушы, ағаларының ішіндегі ең үлкені - Мыңбаев Қасымжан Темірханұлы. Оның еңбек жолы «Богатырь» разрезінде 1975 жылдан басталды. Кіші інісі Жұмақан (тартқыш агрегаттың аға машинисі, машинист-нұсқаушы) 40 жыл, кіші інісі Нұрлан (поездарды құрастырушы) - 30 жыл, Жұмақан Мыңбаевтың жұбайы Ғалия (жылу пунктінің операторы) - 15 жыл, Жұмақанның ұлы Естай (электрослесарь) - 5 жыл жұмыс істейді.
Ағайынды Қасымжан, Жұмақан, Нұрлан Мыңбаевтар адал және мінсіз еңбегі үшін 3, 2, 1 дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгісімен марапатталды және ең ықпалды әулет ретінде «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Құрмет грамоталарымен бірнеше рет марапатталды. «Компанияның үздік қызметкері» ретінде Жұмақан Мыңбаевтың портреті «Богатырь көмір» кәсіпорнының бас кеңсесінің алдына Құрмет тақтасына ілінген.
Қуанышты күнде өмір сүріп жатқан Жұмақан Мыңбаевтың отбасы қарапайымдылық пен еңбексүйгіштікті ұштастыра отырып, бір ұл, екі қыз, төрт немере тәрбиелеп отыр.
Бұл отбасы тек еңбекқорлығымен ғана емес, сонымен қатар шығармашылық қабілеттерімен де танымал. Отбасы иесі Жұмақан Мыңбаев «Богатырь Көмір» ЖШС көркемөнерпаздар ансамблінің құрамына кіреді, қалалық іс-шараларға белсенді қатысады. Домбырада ойнайды. Ошақ иесі Ғалия Мыңбаева – нағыз қолөнер шебері. Бос уақытында киім тоқумен, жамылғы көрпелерін тігумен айналысады. Ұлдары Естай волонтерлік және қайырымдылық шараларына қатысады. Домбыра мен гитарада шебер ойнайды, бокспен айналысады. Ал қыздары Әсем мен Әлия – суретші. Немерелері – теннисшілер, футболшылар.