«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы

«Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы

2020 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы 2021 жылғы екінші жартыжылдықта қолданысқа енгізілетін № 396-VI ҚРЗ «Техникалық реттеу туралы» заңға қол қойды.
«Техникалық реттеу туралы» заң өнімге қойылатын міндетті талаптарды белгілеу және орындау кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесінің құқықтық негіздерін белгілейді. Техникалық реттеудің негізгі мақсаттары: өнімнің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету; өнімнің, көрсетілетін қызметтің қауіпсіздігі мен сапасына қатысты сатып алушыларды адастыруға әкеп соғатын іс-қимылдардың алдын алу; саудадағы техникалық кедергілерді жою болып табылады.
Заңға сәйкес айналысқа шығарылатын өнімнің техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін бағалау оны айналысқа шығарғанға дейін жүзеге асырылады. Өнімнің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін растау сәйкестік туралы декларацияны қабылдау нысанында және (немесе) сертификаттауды жүргізу және сәйкестік сертификатын беру нысанында жүргізіледі. Техникалық регламенттер өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең аз қажетті талаптарды белгілейді. Техникалық регламентте өнімнің сынамаларын алу және сынау қағидалары, сәйкестікті бағалаудың нысандары мен схемалары, буып-түюге, таңбалауға және оларды салу қағидаларына қойылатын талаптар қамтылады.
Қазақстан Республикасының аумағында өнімнің сәйкестігін растау міндетті немесе ерікті сипатта болады. Барлық рәсімдерді орындаудың оң нәтижелері болған жағдайда өтініш берушіге сәйкестік сертификаты беріледі. Сәйкестік сертификатының иелері өндіруші, импорттаушы, өндіруші уәкілеттік берген тұлға, сатушы болып табылады. Сәйкестік сертификаты техникалық реттеу тізілімінде тіркеледі. Сәйкестік сертификатының иесі талаптарға сай келмейтін және сәйкестік сертификатында көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмейтін өнімді айналысқа шығарғаны үшін жауапты болады.
Айналысқа шығарылған өнімге сертификаттың жоқтығы анықталған кезде бақылаушы орган бақылау және қадағалау өнімдерінің үлгілерін оларды зертханаларда сынау мақсатында іріктеуді жүргізеді. Зертханалық сынақтардың нәтижелері бойынша техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнім алып қойылуға немесе айналымға шығаруға тыйым салынуға тиіс. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін алып қойылған өнім қолданылуға жатпайды және жойылуға тиіс, не кәдеге жаратылуы немесе қайта өңделуі мүмкін. Өнімді айналымға шығаруға тыйым салудың қолданылу мерзімі анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін қолданылады.


ҚР Сауда және интеграция министрлігі
Техникалық реттеу және метрология комитетінің
Павлодар облысы бойынша департаменті