Ақкөл ауылдық округінде ауыл жастары арасында көкпар сайысы өтті

Ақкөл ауылдық округінде ауыл жастары арасында көкпар сайысы өтті

2026 жылғы мамыр айында Ақкөл ауылдық округінде ұлттық спортты дәріптеу және ауыл жастарының ынтымақтастығын арттыру мақсатында ауыл жастары арасында көкпар сайысы ұйымдастырылды. Дәстүрлі ұлттық ойынға Ақкөл ауылы, Зеленая Роща ауылы, Төртүй ауылы мен Аққулы ауданының жастары қатысып, өзара бақ сынасты.

Іс-шара Павлодар облысы мен Екібастұз қаласының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғариннің мерейтойына орай өткізілді. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған шараны Ақкөл ауылдық округінің әкімі, мәслихат депутаты Манат Алғамбаров және ауылдық мәдениет клубы бірлесіп ұйымдастырды.

Сайыс барысында қатысушылар ұлттық спорттың көркін қыздырып, ептілік пен төзімділіктің, батылдық пен шеберліктің үлгісін көрсетті. Көкпар - тек спорттық жарыс қана емес, ұлт рухын көтеретін, жастарды бірлікке, намыс пен отансүйгіштікке тәрбиелейтін тағылымы мол ұлттық мұра екені атап өтілді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлде иегерлеріне 300 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Сонымен қатар, сайысқа қатысушылар мен қонақтарға арналған кең дастархан жайылып, ауыл тұрғындары ұлттық рухтағы мерекелік жиында бас қосты.

Аталған іс-шара “Екібастұз қаласындағы ауыл және ауылдық округтерде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру” әлеуметтік жобасы аясында өткізілді. Жоба Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мен “Жастар бастамаларын дамыту орталығы” КММ-нің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына үлес қосқан Полиция басқармасының қызметкерлері мен медицина саласының мамандарына ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдірілді.