Екібастұздағы «ДӨО алқабы» жобасына 30 млрд доллар инвестиция салынады

Екібастұздағы «ДӨО алқабы» жобасына 30 млрд доллар инвестиция салынады

Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталығы  алқабы» жобасын іске асыру үшін 30 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің Екібастұзға жасаған сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды @lifepvl.kz.

«Бұл – болашақтың индустриясы. Біздің бәсекелік артықшылықтарымызды тиімді пайдалану маңызды. Жобаны жүзеге асыруға барлық алғышарттар бар: электр энергиясы, қолайлы климат, транскаспий кабелі. Сондықтан қабылдануы тиіс барлық шешімдерді енгізіп, артық бюрократиясыз алға жылжу қажет. Бұл жобамен мен жеке өзім айналысамын. Біз бұл жолды барынша қысқа мерзімде жылдам өтіп, әлемдік компаниялармен келісімшарттар жасасып, қуат көздерін жеткізуіміз керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Есептеу инфрақұрылымы, бұлтты сервистер және жасанды интеллектпен жұмыс істеуге арналған қуаттардан тұратын «ДӨО алқабы» Екібастұз МАЭС-1 маңындағы 200 гектар аумақта орналасады. Болашақта аумақты 1300 гектарға дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылған.

Жоба тұжырымдамасында нысанды кезең-кезеңімен дамыту, қуаттарды енгізудің нақты параметрлерін белгілеу және бұрыннан салынған энергетикалық инфрақұрылымды пайдалану көзделген.

Жоба аясында ұзындығы 15 км электр беру желілерін және қуаты 300 МВт төмендеткіш қосалқы станция инфрақұрылымын салу, ал болашақта оны 1 ГВт-қа дейін кеңейту жоспарланған.

Сонымен қатар энергетика, есептеу қуаттарын пайдалану және жасанды интеллект салаларында 500 жоғары білікті жаңа жұмыс орны ашылады.

Инвесторлар үшін арнайы экономикалық аймақтар қағидаты бойынша инфрақұрылым, тарифтік саясат және салықтық жеңілдіктер қарастыруға ерекше көңіл бөлінген.