Екібастұзда жел электр станциясының құрылысына 1,2 млрд доллар инвестиция салынады

Екібастұзда жел электр станциясының құрылысына 1,2 млрд доллар инвестиция салынады

Астанада Екібастұз қаласында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жөніндегі құжаттар пакеті қабылданды. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды @lifepvl.kz.

«Бұл жоба өңір экономикасына шамамен 1,2 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жаңа станцияның энергия жинақтау жүйелерімен жабдықталуы аса маңызды. Бұл жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) өндірісіндегі табиғи ауытқуларды теңестіруге және елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесіне тұрақты қуат беруді қамтамасыз етуге жол ашады», — деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстандағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен өткен кездесуде.

Электр станциясының құрылысы бойынша құжаттар пакетін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, Қытайдың мемлекеттік энергетикалық инвестициялық корпорациясы State Power Investment Corporation және «Pavlodar Green Energy» ЖШС қол қойып бекітті.

Атап өтілгендей, Екібастұздағы жел электр станциясын іске қосу жыл сайын 3,4 млрд кВт·сағат электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді әрі парниктік газдар шығарындыларын 2 млн тонна СО₂-ға  дейін қысқартуға ықпал етеді.

Бұған дейін Мәжіліс Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірнеше жобаны, оның ішінде Павлодар облысы аумағында жүзеге асырылатын жобаларды іске асыру туралы келісімді ратификациялаған болатын.