
8 қазан күні «Богатырь» көмір разрезі IV Республикалық конференция қатысушыларын қарсы алды. Іс-шара аясында делегация құрамына өнеркәсіп саласының ардагерлері, әр өңірден келген мамандар, сондай-ақ қатысушы ұйымдардың өкілдері енді. Қонақтар «Богатырь» разрезінің бақылау алаңдарын, циклді-ағынды технологиялар кешенін, көмір өндіру үдерістерін басқару орталығын аралап, кәсіпорынның тарихымен, даму кезеңдерімен және қазіргі өндірістік қуатымен жан-жақты танысты. Кездесу барысында кәсіпорын өкілдері көмір өндірудің заманауи технологиялық шешімдерін, өндірістегі экологиялық қауіпсіздік шараларын, еңбек қауіпсіздігі стандарттарын және цифрландыру үдерістерін таныстырып, олардың жүзеге асырылу тетіктері туралы ақпарат берді. Бұл сапардың негізгі мақсаты – ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер мен еңбек майталмандарына өндіріс саласындағы жетістіктерді көрсету, олардың еңбегіне құрмет білдіру, сондай-ақ жас ұрпаққа еңбекқорлық, жауапкершілік және отансүйгіштік құндылықтарын насихаттау болды. Сонымен қатар, конференция қатысушылары саланың даму перспективаларын талқылап, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.