BABY SKILLS: Екібастұзда мектепке дейінгі балалар IT бағытында бақ сынады

BABY SKILLS: Екібастұзда мектепке дейінгі балалар IT бағытында бақ сынады

Екібастұз қаласында «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы базасында мектеп жасына дейінгі балалар арасында BABY SKILLS чемпионаты өтті. Іс-шараны Екібастұз қаласының білім бөлімі мен ИнЕУ Жоғары Екібастұз колледжі ұйымдастырды.

Чемпионат цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында, сондай-ақ WorldSkillsPavlodar – 2026 өңірлік кәсіби шеберлік байқауы шеңберінде өтті.

Байқаудың басты мақсаты — балалардың ерте жастан мамандықтарға деген қызығушылығын ояту, олардың шығармашылық, зияткерлік және практикалық дағдыларын дамыту. Чемпионатқа қаладағы қазақ тілінде білім беретін балабақшалардың мектепалды топтары қатысты.

Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша бақ сынады: «Сәнді киім дизайнері», Wordwall платформасындағы интеллектуалды-цифрлық викторина, «Жас суретші» шығармашылық цифрлық байқауы, зейінге арналған тапсырмалар және «QR-квест: Қазына іздеу».

Чемпионат барысында балалар цифрлық құралдармен жұмыс істеп, өздерінің дербестігін, жылдам ойлау қабілетін және бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша Гран-при «№23 мектепке дейінгі гимназиясының» тәрбиеленушісі Камила Жанатоваға бұйырды. Бірінші орынды Алия Бахитова («№12 сәбилер бақшасы»), екінші орынды Дінмұхаммед Қайырбек («№14 сәбилер бақшасы»), үшінші орынды Исмаил Жұматай («№26 сәбилер бақшасы») иеленді.

Жүлделі орын алмаған қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.