Екібастұз қаласында оқушылардың инженерлік ойлауын дамытуға бағытталған «Robotek Grand Tournament» робототехника чемпионатының қалалық кезеңі өтті. Жарыс №23 жалпы орта білім беру мектебінің базасында ұйымдастырылып, жас техниктер мен бағдарламалаушыларды бір алаңға жинады.
Сайыс жеті бағыт бойынша өтті. 2013–2017 жылы туған оқушылар роботех, инверстік сызық бойымен жарыс және жеткізуші робот бағыттарында бақ сынады. Ал 2009–2012 жылы туған қатысушылар «мерген» және «туды жеткізу» бағыттарында өнер көрсетті. Сонымен қатар 2009–2017 жылдар аралығындағы оқушыларға арналған сұрыптаушы робот пен робоБаскетбол бағыттары да жарыс бағдарламасына енгізілді.
Қалалық кезеңге барлығы 19 команда қатысып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Нәтижесінде үздік деп танылған 6 команда облыстық кезеңге жолдама алып, Екібастұз қаласының атынан өңірлік жарыста бақ сынайтын болады.