ҚР еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарының бірі еңбек саласындағы кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке және балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу болып табылады.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде (бұдан әрі - ҚР ЕК) балалар еңбегін заңсыз пайдалануға жол бермеу мақсатында ҚР ЕК 31- бабында еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас айқындалды
Осылайша, 16 жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға рұқсат етіледі.
Сонымен бірге, кәмелетке толмаған адаммен, оның заңды өкілдерінің бірімен бірге еңбек шартына қол қойылған жағдайда, еңбек шарты:
- орта білім беру ұйымдарында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда 15 жасқа толған азаматтармен;
- оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;
- кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін
ҚР еңбек заңнамасында 18 жасқа толмаған адамдарға қатысты еңбек шартын жасасуға және жұмысқа орналасуға мынадай жұмыс түрлеріне тыйым салу мен шектеулер көзделген:
- ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін жұмыскердің толық материалдық жауаптылығы көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау мен сату) он сегіз жасқа толмаған азаматтармен;
- түнгі уақытта жұмысқа тыйым салу (сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін).
- үстеме жұмыс істеуге тыйым салу.
- жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде жұмысқа тыйым салу,
- вахталық әдіспен жұмысқа тыйым салу.
- қосалқы жұмысқа тыйым салу.
ҚР еңбек заңнамасына сәйкес он сегіз жасқа толмаған қызметкерді жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан қайтарып алуға жол берілмейді
Егер мұндай жұмысқа медициналық айғақтар бойынша тыйым салынбаса, он сегіз жасқа толмаған қызметкерлерді іссапарға жіберуге жол беріледі. Бұл ретте он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер іссапарға жіберуден бас тартуға құқылы.
Жұмыс беруші не қабылдаушы тарап он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді олар үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды алып жүруге және жүріп-тұруға жібермеуге міндетті.
Қабылдаушы тарап – персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес жіберуші тараптың жұмыскерлерін жұмыс істеу үшін тартатын жеке тұлға, дара кәсіпкер, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалығы.
Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін қолдануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің ауыр заттарды алып жүруінің және жүріп-тұруының шекті нормаларын еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
ҚР еңбек заңнамасында 14 жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға қатысты жұмыс уақытының қысқартылған режимі бойынша талаптар белгіленген:
– 16 жастан 18 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін - аптасына 36 сағаттан артық емес.
– 14 пен 16 жас аралығындағы қызметкерлер үшін-аптасына 24 сағаттан артық емес.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны үшін, оның ішінде балалар еңбегін пайдалану кезінде жұмыс берушілерге қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, атап айтқанда, адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жібергені үшін, еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін, жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін, еңбек саласындағы кемсітушілікке жол бергені үшін, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.