СТУДЕНТТЕРДІ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАТАҚХАНАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

СТУДЕНТТЕРДІ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАТАҚХАНАМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Ақерке Абылайхан студенттерді жаңа оқу жылында жатақханамен қамтамасыз ету бойынша атқаралып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді.
«Бүгінгі күні білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту стратегиялық-нормативтік құжаттарда анықталған. Біріншіден, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының барлық оқуға қабылданған білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз етуі міндеттелген. Екіншіден, Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 4 нысаналы индикаторында қарастырылған», - деп атап өтті Ақерке Абылайхан.
Сонымен қатар, «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрықта жоо-ның білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының бірі - басқа қаладан келген білім алушылардың кемінде 70%-ның тұруы үшін (жатақаналар/хостелдер/қонақ үйлер) жағдай жасау жағы көзделген.
Министрлік өкілінің айтуынша, елімізде 104 жоо-да жатақханалар саны 380 бірлікті құрайды, төсек-орын саны – 106 203 бірлік, оның ішінде 182 объекті бойынша 24 560 төсек-орын жалға алынған.
Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы, Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында жатақханаға деген қажеттілік өз теңгеріміндегі жатақханамен және хостелдерді жалға алу арқылы толық көлемде шешімін тапты.
Сондай-ақ, бүгінгі күні еліміздің 58 жоо 182 объекті немесе 24 560 төсек-орындық жатақханамен және хостелдермен келісім-шартқа отырды.
Оқу орындары жатақханамен және хостелдердің меншік иелерімен бірлесіп, келісім-шартта студенттердің тұру ақысын айқындайды. Орташа алғанда, төлем мөлшері 3 мыңнан 55 мың теңгеге дейін (ең қымбат хостель Алматы қаласында – 55 мың, Астана қаласында – 50 мың теңге).
Қазіргі таңда жоо-ның жауапты тұлғалары, жастар ұйымы мен хостелдердің әкімшілігі бірлесіп, студенттердің қауіпсіздігі бойынша жұмыстар жасауда. Жалға алынған хостелдерде, жатақханаларда мемлекеттік жатақханадағыдай камералар, күзетшілер қарастырылған.
Жалпы, 2018 жылдан бастап студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жаңа жатақханалар салу жұмыстары жүргізілуде.
Осы бастаманы іске асыру басталғаннан бері 2018-2022 жылдар арасында 26 390 төсек-орындық 99 жатақхана пайдалануға берілді. 2023 жылдың жоспары бойынша жоо үшін 8 854 төсек-орындық 32 жатақхана бекітілген.
2023 жылы 4 қыркүйектегі жағдай бойынша 2 600 орындық 6 жатақхана пайдалануға берілді (Ш.Есенов атындағы Каспий университеті – 500 орын, Қарағанды медицина университеті – 400, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті - 600, Шымкент қаласының ЖОО «Шарталь» ЖК – 1000, «Идирисов А» ЖК – 100 орын).
2023 жылдың соңына дейін ЖОО-да 6 254 төсек-орындық 26 жатақхана пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Анықтама: 2 059 орындық 11 жатақхана колледж студенттері үшін қарастырылған.
Министрлік Алматы және Астана қалаларының әкімдіктерімен және «Қаржы орталығы» АҚ-мен бірлесіп, инвесторлармен жұмыс істеу үшін бір терезе қағидаты бойынша Жобалық офистер құрды.
Ситуациялық және дағдарыс орталықтары ашылды. Ситуациялық орталықтар студенттерді жоо жатақханаларындағы орындар туралы хабардар етеді, дағдарыс орталықтар форс-мажорлық жағдайларда тұрғын үймен қамтамасыз етеді. Бүгінгі күнге дейін 3200 астам адам кеңес алса, дағдарыс орталығында іске қосылғаннан бері 15 адам түнеді.
Студенттердің мәселелерін жедел шешу үшін жоо өкілдерінен омбудсмендер институты құрылды.
Министрліктің қолдауымен жатақханаға мұқтаж студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жедел штабы жұмыс істейді.
Сонымен қатар, биылғы жылы алғаш рет жоо жатақханаларында тұрған кезінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтарына, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларға 29 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (100 050 теңге) мөлшерде өтемақы қарастырылады.
Бұл норма Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Аталған өтемақыны 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап беретін боламыз. Бұл өтемақы студенттердің аталған санаттары үшін елеулі қаржылық қолдау болады.