Yessenov University-де энергетика және логистика бойынша жаңа бағдарламалар іске қосылды

Yessenov University-де энергетика және логистика бойынша жаңа бағдарламалар іске қосылды

Yessenov University-де энергетика және логистика бойынша жаңа бағдарламалар іске қосылды

Yessenov University-де халықаралық «AKTANTEN in Aktau» жобасы аясында «Renewable Energy Systems» (Жаңартылатын энергия жүйелері) және «Management in Logistics» (Логистикадағы менеджмент) магистратуралық білім беру бағдарламалары іске қосылды.

Салтанатты рәсім барысында жаңа бағдарламалар таныстырылып, Қазақстан мен Германия жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

Жаңа бағдарламалар жаңартылатын энергетика және логистика салаларында халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізуге, ғылыми және қолданбалы жобаларды дамытуға, сондай-ақ еңбек нарығының заманауи талаптарына сай мамандар даярлауға бағытталған.

Жоба Герман академиялық алмасу қызметінің (DAAD) қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаға Technical University of Berlin, HAW Hamburg, Technical University of Darmstadt, TH Wildau, Қазақстан-Неміс университеті және Yessenov University қатысады. Бағдарламалардың ерекшелігі – білім алушылардың Германияның серіктес жоғары оқу орындарында академиялық тәжірибе жинақтап, шетелдік профессорлардың дәрістеріне қатысуы және ғылыми-зерттеу жобаларына тартылуы.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау хатында жаңа бағдарламалардың ашылуы Қазақстан мен Германия арасындағы білім, ғылым және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Германияның академиялық алмасу қызметінің (DAAD) қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «AKTANTEN in Aktau» жобасы Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың нақты нәтижелерінің бірі. Жаңартылатын энергетика және логистика бағыттарындағы жаңа магистратуралық бағдарламалар халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізуге және заманауи еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл бастама Маңғыстау өңірінің ғана емес, еліміздің тұрақты дамуына да үлес қосады», – деді Саясат Нұрбек.

Yessenov University ректорының міндетін атқарушы Ермек Нұрмағанбеттің айтуынша, бағдарламалар аясында білім алушылар Германияның жетекші профессорларынан дәріс алып, халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

«Жоба аясында энергетика және логистика бағыттары бойынша екі жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Қазіргі таңда алғашқы 29 білім алушы осы бағдарламалар бойынша білім алып жатыр. Олар Германияға барып, тәжірибе алмасып, жетекші профессорлардың дәрістеріне қатысады. Жинақтаған білімдері мен тәжірибесін елге оралғаннан кейін өңірдегі энергетика және логистика салаларын дамытуға бағыттайды деп сенеміз», – деді Ермек Нұрмағанбет.

Берлин техникалық университетінің деканы Ханс Людгер Динель жаңа бағдарламалардың Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.

«Бүгін Қазақстанда энергетика және логистика бағыттары бойынша заманауи білім беретін екі магистратуралық бағдарламаның іске қосылуы маңызды оқиға. Алғашқы кезеңде осы бағдарламалар бойынша 29 білім алушы білім алады. Бұл бастама екі ел Президенттерінің 2023 жылы бастаған ынтымақтастығының нақты нәтижелерінің бірі», – деді Ханс Людгер Динель.

Yessenov University-де жаңа бағдарламалар ғылыми зерттеулермен және өндірістік серіктестікпен ұштастырылады. Бұл білім алушыларға заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені меңгеріп, энергетика және логистика салаларындағы практикалық міндеттерді шешуге қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға басымдық береді. Мұндай жобалар жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және адами капиталды дамытуға ықпал етеді.

Жаңа магистратуралық бағдарламалар Қазақстан мен Германия арасындағы білім, ғылым және инновациялар салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын білікті мамандар даярлауға бағытталған.