Жоғары білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа шешімдер қабылданды

Жоғары білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа шешімдер қабылданды

Жоғары білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңа шешімдер қабылданды

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің Республикалық оқу-әдістемелік кеңесінің отырысы өтті. Отырыс барысында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Білім беру бағдарламаларын оңтайландыру, педагогикалық білімді дамыту, жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні қолдану тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қызметін бағалау әдістемесі мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы негізінде білім беру бағдарламалары мен силлабустардың мазмұнын жаңарту күн тәртібіндегі маңызды мәселе болды.

РОӘК шешімімен Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасының, Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруінде жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі жоғары оқу орындары аралық стандарттың өзектендірілген нұсқалары бекітілді.

Педагогикалық білім беруді дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы аясында педагог кадрларды даярлау жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған ауқымды практикалық трансформация жүзеге асырылуда. Білім беру бағдарламаларының құрылымы жаңа Конституцияның қағидаттарына, «Таза Қазақстан» және «Зерделі ұлт» тұжырымдамаларының басымдықтарына сәйкес құндылықтарды қалыптастыруға, сондай-ақ ұлттық педагогиканың озық тәжірибесі мен үздік жетістіктерін ескеруге негізделіп жаңартылатын болады. Педагогикалық жоғары оқу орындарының қызмет сапасы педагогтарды даярлау жүйесінің тиімділігі мен түлектердің мектептегі білім беру сапасына қосатын үлесін бағалауға арналған жаңа PRL/S-PRL әдістемесі арқылы айқындалады.

Жоғары білім беру саласында жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі жооаралық стандарттың екінші редакциясы жасанды интеллектіні пайдалануды реттеу тәсілінен білім беру моделін жүйелі трансформациялауға көшуді көздейді. Құжаттың құрылымы 9 тарауға дейін кеңейтіліп, жоғары оқу орындары үшін 12 жаңа ұғым мен бес практикалық қосымша енгізілді. Генеративті жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай қағидаттары (рұқсат етілуі, декларациялау, тексеру, авторлық және жауапкершілік) бекітіліп, AI-құзыреттілігі мен академиялық этика талаптарын ескеретін жаңа бағалау моделі енгізілді. Сонымен қатар UNESCO моделіне сәйкес оқытушылардың AI-сауаттылығын дамытудың үш деңгейлі жүйесі (Acquire, Deepen, Create) айқындалып, AI-прокторингті қолдану кезінде жеке деректерді қорғау талаптары белгіленді.

Отырыс қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіру, олардың сапасын арттыру және кадрларды даярлау мазмұнының еңбек нарығының заманауи талаптарына, цифрлық трансформацияға және мемлекеттің стратегиялық даму басымдықтарына сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі тиісті ұсынымдар әзірленді.