
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында «Болашақ инженерлік білім: ұлттық модельді дамыту және енгізу» атты республикалық стратегиялық сессия және «Инженерлер даярлаудағы дуалды білім беру: құзыреттерден өндірістік шешімдерге дейін» тақырыбындағы халықаралық DualEdu Forum сараптамалық платформасы өтті.
Технологиялық дамудың қарқынды үдеуі, экономиканың цифрлық трансформациясы және жоғары білікті инженер кадрларға деген сұраныстың артуы жағдайында инженерлік білім беруді жаңғырту мәселесі елдің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің маңызды факторына айналып отыр. Стратегиялық сессия мен халықаралық форум жұмысы дәл осы өзекті мәселелерге арналды.
Пленарлық отырыстың екінші күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова инженерлік білім беруді дамыту мен елдің технологиялық дамуына қажетті кадрларды даярлаудың стратегиялық басымдықтары туралы баяндама жасады.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы ректоры Сәуле Рахметуллина «Pre-University – University – Post-University» қағидатына негізделген Инженерлік білім берудің ұлттық моделінің архитектурасын таныстырды. Қатысушылар аталған модельді енгізу перспективаларын, оны кеңінен қолдану тетіктерін және жаңа буын мамандарын даярлаудағы университеттердің рөлін талқылады.
Талқылаулар барысында жоғары технологиялық салалар үшін инженерлер даярлаудың заманауи тәсілдері, білім, ғылым және өндіріс интеграциясы, кәсіби сертификаттау жүйесін дамыту, сондай-ақ инженерлік білім беру бағдарламаларының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері қарастырылды.
Бағдарламада халықаралық деңгейде танылған CDIO (Conceive – Design – Implement – Operate) бастамасына ерекше назар аударылды. Практикаға бағытталған инженерлік даярлаудың тиімді үлгілерінің бірі саналатын бұл тәсілді енгізу тәжірибесімен еліміздің жетекші техникалық университеттері бөлісті.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ CDIO тәсілін енгізу нәтижелерін, инженерлік кадрларды даярлау мен кәсіби сертификаттаудың халықаралық платформасы ретінде танылған Лу Бань шеберханасының қызметін, сондай-ақ озық инженерлік мектептер мен құзыреттер орталықтарының жұмыс тәжірибесін таныстырды.
Инженерлік кадрларды даярлаудағы заманауи тәсілдерді жүзеге асыру тәжірибесімен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің өкілдері де бөлісті. Стратегиялық сессия барысында университеттің инженерлік білім беруді дамыту, білім беру үдерісін цифрландыру, индустриялық PhD бағдарламаларын енгізу және нақты экономика секторындағы кәсіпорындармен өзара іс-қимылды нығайту бағытындағы тәжірибесі ұсынылды. Сондай-ақ өнеркәсіптің өзекті қажеттіліктеріне және елдің технологиялық дамуына сай инженер кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Стратегиялық сессияның басты ерекшеліктерінің бірі оның практикалық бағыттылығы болды. Сарапшылық баяндамалармен қатар қатысушылар жобалық жұмыстарға және екі стратегиялық бағыт бойынша топтық талқылауларға қатысты. Олар – Қазақстан университеттерінде CDIO тәсілін кеңінен енгізу және отандық инженерлік білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейге шығару тетіктерін әзірлеу. Талқылау барысында сарапшылар, жоғары оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер Инженерлік білім берудің ұлттық моделін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар әзірледі.
Стратегиялық сессияның заңды жалғасы ретінде Инженерлік білім берудің ұлттық моделін дуалды оқыту арқылы іске асыру мәселелеріне арналған халықаралық DualEdu Forum сараптамалық платформасы өтті.
Форум жұмысына Германия, Өзбекстан және Әзербайжан университеттерінің өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысып, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың тиімді өзара іс-қимыл тәжірибесін, корпоративтік оқытуды дамыту тетіктерін және қазіргі заман талаптарына сай инженерлік кадрлар даярлау үлгілерін ұсынды. Сонымен қатар білім, ғылым және өндірісті біріктіретін инновациялық экожүйелерді қалыптастырудың халықаралық тәжірибелері мен дуалды білім беруді мемлекеттік қолдаудың үздік мысалдары таныстырылды.
Қазақстанның ірі өнеркәсіптік компаниялары өкілдерінің баяндамалары ерекше қызығушылық тудырды. Форумға Allur компаниясының, «Қазцинк» ЖШС, Шығыс Қазақстанның энергетикалық кешені кәсіпорындарының және инженерлік кадрларды даярлауға белсенді атсалысып жүрген басқа да ұйымдардың басшылары мен сарапшылары қатысты.
Форумның практикалық бөлімі интерактивті форматта өтті. «Ынтымақтастық конструкторы» маркетплейсі мен топтық жұмыстар аясында қатысушылар дуалды білім беру тетіктерін жетілдіру, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы серіктестікті дамыту, өндірістік тәжірибені ұйымдастыру және халықаралық үздік тәжірибелерді инженерлік кадрларды даярлау жүйесіне енгізу бойынша ұсыныстар әзірледі.
Қатысушылар үшін мазмұнды таныстыру бағдарламасы ұйымдастырылды. Қонақтар ШҚТУ-дың заманауи ғылыми-білім беру орталықтарын, инженерлік зертханаларын, құзыреттер орталықтарын және Лу Бань шеберханасын аралап, мамандар даярлаудың инновациялық тәсілдерімен және заманауи білім беру технологияларымен танысты.
Іс-шаралардың қорытынды кезеңінде қатысушылар Шығыс Қазақстандағы жетекші өндірістік кәсіпорындарға техникалық экскурсия жасады. Олар «Қазцинк» компаниясының өндірістік нысандарында, Өскемен су электр станциясында және «Өскемен ЖЭО» ЖШС-де болып, университеттер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың нақты үлгілерін көріп, білім, ғылым және өндіріс интеграциясының тиімді тәжірибелерімен танысты.
Стратегиялық сессия мен DualEdu Forum қорытындысы бойынша Инженерлік білім берудің ұлттық моделін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жоғары оқу орындары мен индустриялық серіктестер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Аталған іс-шаралар инженерлік кадрларды даярлау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың маңызды кезеңіне айналып, технологиялық даму, инновациялық өсім және Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған заманауи инженерлік білім беру жүйесін қалыптастыру жолында мемлекет, жоғары оқу орындары, бизнес және халықаралық сарапшылар қауымдастығы күш-жігерінің бірігу әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.