
Абай университетінің базасында Поляк тілі мен мәдениеті орталығы ашылады. Тиісті келісімдер Польша Республикасының Слупск қаласындағы Помор университетімен (Померания университеті) академиялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту аясында қол жеткізілді. Жаңа орталық студенттерге поляк тілін меңгеруге, Польша мәдениетімен тереңірек танысуға және екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Келіссөздер барысында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы – Ректоры Болат Тілеп пен Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау бастаған делегация Помор университетінің ректоры Збигнев Осадовскимен кездесті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және білім беру саласындағы тәжірибе алмасуды дамыту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар университеттер арасындағы серіктестікті одан әрі нығайту жөнінде ортақ келісімге келді.
Айта кету керек, екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың тарихы 2012 жылдан басталады. 2015 жылы ресми ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, содан бері Абай университетінің 200-ден астам студенті, магистранты мен докторанты Помор университетінде білім алып, тағылымдамадан өтті.
Серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі – қос дипломды білім беру бағдарламасы. 2017 жылдан бастап ҚазҰПУ мен Помор академиясы арасында бакалавриат және магистратура деңгейінде қос дипломды білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы уақытқа дейін студенттерге еуропалық үлгідегі 28 диплом табысталса, биыл тағы 5 студент оқуын аяқтайды.
Алдағы кезеңде тараптар биология, география, педагогика, көркем білім беру, музыка өнері және физика бағыттары бойынша жаңа қос дипломды бағдарламаларды іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, докторанттарға бірлескен ғылыми жетекшілік жасау және Erasmus+ бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты кеңейту көзделген.