Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті беделді QS Stars рейтингтік жүйесінде ең жоғары 5 жұлдыздық бағалауға ие болып, халықаралық деңгейде маңызды жетістікке қол жеткізді. Бұл нәтиже университет қызметінің жоғары деңгейде дамығанын және білім беру, ғылым мен институционалдық басқару салаларында әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келетінін айқын дәлелдейді.
QS Stars – жоғары оқу орындарын кешенді түрде бағалайтын халықаралық мойындалған жүйе. Ол білім беру сапасы, ғылыми зерттеулер, инфрақұрылым, тұрақты даму, түлектердің жұмысқа орналасуы және халықаралық ықпалдастық сияқты негізгі көрсеткіштер бойынша жан-жақты талдау жүргізеді.
Бағалау нәтижесінде университет оқыту сапасы, инфрақұрылым, түлектердің жұмысқа орналасуы, халықаралық серіктестік және тұрақты даму бағыттары бойынша ең жоғары 5 жұлдызға ие болып, өзінің бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді .
Аталған жетістік тек университет ұжымының жүйелі еңбегінің нәтижесі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасында жоғары білім беру саласында жүргізіліп жатқан жүйелі мемлекеттік саясаттың айқын көрінісі. Мемлекет университеттерді жан-жақты қолдап, олардың инфрақұрылымын жаңғыртуға, ғылымды дамытуға, цифрлық технологияларды енгізуге және халықаралық білім беру кеңістігіне интеграциялануына барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Осындай стратегиялық қолдаудың арқасында қазақстандық жоғары оқу орындары жаһандық академиялық ортада өз позицияларын нығайтып келеді.
ШҚТУ-дың QS Stars рейтингінде ең жоғары бағалануы еліміздің жоғары білім беру жүйесінің әлеуетін көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі білім беру орталығы ретіндегі беделін арттыруға елеулі үлес қосады.