
Өскемен қаласында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында International Professional Educator Registry (iPER/iPEER) сертификаттарын табыстау рәсімі өтті. iPER/iPEER халықаралық тізіліміне ену оқытушылардың кәсіби құзыреттері әлемдік сапа стандарттарына сай екенін ресми түрде расталғанын, олардың біліктілігінің халықаралық деңгейде танылуы және педагогикалық қызметінің жаһандық білім кеңістігінде мойындалуын білдіреді.
Іс-шараға ENTER Network ұйымының президенті Хосе Карлос Квадрадо қатысты. Салтанатты жиында ШҚТУ-дың 29 оқытушысына Global Standards for Professional Educators ENTER Register талаптарына сәйкестігін растайтын сертификаттар мен төсбелгілер табысталды. Олар Engineering, Arts and Humanities, Business, Administration and Law бағыттары бойынша халықаралық тізілімге енгізілді.
International Professional Educator Registry – оқытушыларды кәсіби деңгейде халықаралық мойындау тетігі. Тізілім тіркеу және сертификаттау рәсімдері негізінде қалыптасады және оқыту сапасы мен кәсіби дамудың бірыңғай стандарттарына сәйкестікті растайды. Аталған жетістік Қазақстан Республикасында инженерлік білім беруді дамыту тұжырымдамасы мен ұлттық инженерлік білім беру моделін іске асыру міндеттерімен сабақтас келеді. Бұл бастамалар инженер кадрларын даярлау сапасын арттыруға, университет пен индустрия арасындағы байланысты күшейтуге және кәсіби сертификаттау жүйесін дамытуға бағытталған.
Нәтиже Erasmus+ бағдарламасы аясындағы Edu-Fusion Network for Sustainable Growth жобасын іске асыру шеңберіндегі жүйелі жұмыстың қорытындысы. Жоба Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен жүзеге асырылады және Португалия, Испания, Қазақстан елдерінен 11 серіктесті біріктіреді.
Жоба білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асырудың заманауи тәсілдерін енгізуге, тәжірибеге бағытталған оқытуды дамытуға, «университет – индустрия» ынтымақтастығын нығайтуға, сондай-ақ оқытушыларды халықаралық сертификаттауға және олардың кәсіби дамуын қолдауға бағытталған.
ШҚТУ оқытушыларының iPER/iPEER тізіліміне енгізілуі ұлттық талаптарды халықаралық стандарттармен үйлестіруге ықпал етеді, инженерлік білім беру сапасын арттыруға және қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық беделін нығайтуға қызмет етеді.