ЕҰУ Нанькай университетімен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосты

ЕҰУ Нанькай университетімен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосты

ЕҰУ Нанькай университетімен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосты

26 қыркүйекте Тяньцзинь қаласында (ҚХР) Еуразия ұлттық университеті мен Нанькай университетінің «Экономика», «Халықаралық бизнес және стратегиялық сауда бақылауы» атты бірлескен магистратура бағдарламалары іске қосылды.

Екі жылдық оқу Нанькай университеті базасында өтеді, оған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 40-тан астам профессор-оқытушысы қатысады. Алғаш рет Қытай университетінің 180 магистранты ғылым мен білім саласындағы екі елдің ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылған осы білім беру бағдарламалары бойынша білім алатын болады.

Салтанатты шараға ЕҰУ Экономика факультетінің деканы Аида Жағыпарова және Нанькай университетінің президенті Чэнь Юйлу қатысты.

«Бұл бағдарламалар «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол академиялық ынтымақтастыққа жол ашып, елдерді білім, ғылым және инновацияларды дамыту сияқты ортақ мақсатта біріктіреді. Жоба Қытай үшін ғана емес, Қазақстан үшін де маңызды. Бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Дәл осы бастамадан жаңа деңгейдегі бірлескен білім беру бағдарламаларының жүзеге асуы басталды. Алдағы уақытта Еуразия ұлттық университеті бұл бағытты кеңейтіп, басқа салалар бойынша да осындай жобаларды қолға алмақ», – деді Аида Жағыпарова.

Нанькай университетінің президенті Чэнь Юйлу бұл Орталық Азиядағы жоғары оқу орнымен іске асып отырған алғашқы жоба екенін атап өтіп, университет басшылығы оған ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

«Бағдарламаның екі бағыты – «Экономика» және «Халықаралық бизнес пен стратегиялық сауда бақылауы» бүгінгі саяси-экономикалық басымдықтармен, қоғам мен технологияның сұраныстарымен тығыз байланысты. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін Нанькай университеті үздік оқытушыларын, ал Еуразия ұлттық университеті ең білікті профессор-оқытушылар құрамын тартатын болады», – деді Чэнь Юйлу.

Еске сала кетейік, ЕҰУ мен Нанькай университеті экономика, бизнес және сауда саласы үшін мамандар даярлау жөніндегі келісімді Қазақстан-Кытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің бірінші вице-премьері Дин Сюэсяньның қатысуымен бекіткен болатын.

Бағдарламаларды әзірлеу 2023 жылы басталып, екі жылдан соң ҚХР Білім министрлігі тарапынан аккредитациядан өтті.

Нанькай университеті – Қытайдың жетекші көп салалы университеттерінің бірі, 1919 жылы құрылған. Қытайдың үздік жоғары оқу орындары арасында 21-орында, QS WUR рейтингінде 377-орында және QS Asian University Rankings тізімінде 98-орынға ие. Университетте шамамен 50 000 студент білім алады.