AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ АБАЙ ІЛІМІН НАСИХАТТАУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ АБАЙ ІЛІМІН НАСИХАТТАУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ АБАЙ ІЛІМІН НАСИХАТТАУҒА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Абай ілімі: әділ қоғам, саналы ұрпақ» атты республикалық семинар өтті. Ауқымды жиынға еліміздің өзге өңірлерінен келген ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.

– Университетіміз Абай мұрасын дәріптеумен он жылдан астам уақыт бойы жүйелі түрде айналысып келеді. Біз Абайдың рухани қазынасын, әсіресе «толық адам» тұжырымдамасын ғылыми, білім беру және тәрбие жұмыстарының өзегіне айналдырдық, – деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Ол сондай-ақ Абай мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Amanzholov University бастамасымен Польшаның Свече қаласындағы Лингвистикалық-техникалық университетінде «Абай мәдени-білім беру орталығы» ашылды. Бұл ұлы ойшыл ілімі жаһандық мәнге ие екенін көрсетеді.

Ғибратты жиында Абай мұрасының заманауи қоғам үшін маңызы, жастар тәрбиесіндегі орны және әділ қоғам құрудағы өзектілігі кеңінен талқыланды.

– Ұлы ойшылдың тағылымы арқылы қазақ халқы әділетті, саналы өмір сүрудің маңызын түсініп, соған ұмтылуы тиіс. Қоғам қанша өзгерсе де, біз Абайдың мұрасын бағдар етсек, шынайы «толық адам» қоғамын қалыптастыра аламыз. Абайдың ілімі – бүгінгі қоғам үшін аса қажетті рухани бағдар, – деді «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айжан Қартаева.

Семинар Абай мұрасын заманауи қоғаммен байланыстыра отырып терең түсінуге, ұрпақ тәрбиесінде оның ілімін басшылыққа алуға жаңа серпін берді. Қатысушылар ұлы ойшылдың идеяларын білім, ғылым және мәдениет салаларында кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті.