Қазақстандық оқушылар Бразилиядағы Халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысуда

Қазақстандық оқушылар Бразилиядағы Халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысуда

5-13 мамыр аралығында Белу-Оризонти қаласында (Бразилия) химиядан 59-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтуде. Биыл оған әлемнің 40 елінен оқушылар қатысуда.

Олимпиадаға еліміздің атынан 2024-2025 оқу жылындағы химия бойынша республикалық олимпиаданың 11 жеңімпазы — «Білім-Инновация» лицей-интернаттарының, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, Haileybury Almaty жекеменшік мектебінің және Павлодар дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушылары қатысып жатыр. Олардың қатарында: Данияр Базарбай, Аңсар Жақсылықов, Әлихан Серікұлы, Меңдіғали Қалдыбай, Арен Теңізбаев, Санжар Қалиақбар, Әбілмансұр Қали, Айзере Жеңісханова, Нұрқожа Омарбаев, Райымбек Ғабдолла және Ярослава Кравчук бар.

Командаға Елдана Бақытжан мен Әзім Аманжолов жетекшілік етеді.

Олимпиада екі теориялық және бір эксперименттік кезеңнен тұрады. Менделеев олимпиадасына қатысу - 2025 жылдың 5-14 шілдесінде БАӘ-де өтетін химиядан халықаралық олимпиадаға (IChO) ұлттық құраманы дайындау үшін аса маңызды.

Оқушыларымызға сәттілік тілейміз!