5 мамыр күні Астанада 7–8 сынып оқушыларына арналған Ұлттық мектеп лигасының республикалық финалы басталды. Қорытынды кезеңге іріктеу жарыстарының жеңімпаздары – 5000-нан астам оқушы қатысуда.
Қатысушылар мектеп бағдарламасына енгізілген 10 спорт түрі бойынша сынға түсуде: тоғызқұмалақ, шахмат, жеңіл атлетикалық кросс, «Былғары доп» футболы, үстел теннисі, «Шұбар доп» волейболы, «Алтын доп» баскетболы, асық ату (ұлдар үшін), бес асық (қыздар үшін) және «Ұшқыр доп» гандболы.
Биыл жарыстар алғаш рет республикалық деңгейдегі кәсіби спорт кешендерінде өтуде. Ойындарға тиісті спорт федерацияларынан шақырылған білікті төрешілер қызмет көрсетеді.
Лига форматы төрт кезеңнен тұрады: мектепішілік, аудандық/қалалық, облыстық және республикалық финал. Қатысу шарты – команда тек бір мектептің оқушыларынан құралуы тиіс. Спорт мектептері, интернаттар мен академия командалары жарысқа қатыстырылмайды. Бұл Лиганың әділ әрі барлық оқушыға қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
9–11 сынып оқушыларына арналған финал бұған дейін Талдықорғанда өтті, ал маусым айында Алматыда 5–6 сынып оқушылары үшін қорытынды кезең ұйымдастырылады.
Оқу жылы бойы бұл Лигаға қалалар мен ең шалғай ауылдарды қамтыған 3,5 миллионнан астам оқушы қатысады. Осылайша, Ұлттық мектеп лигасы – Қазақстандағы ең ірі балалар спорттық жобасы болып саналады.