Оқушылар психологиялық қауіпсіздік мәселелерін ұғына бастады — «ДосболLIKE» бағдарламасының аралық қорытындысы жарияланды

Оқушылар психологиялық қауіпсіздік мәселелерін ұғына бастады — «ДосболLIKE» бағдарламасының аралық қорытындысы жарияланды
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» Балалардың әл-ауқаты ұлттық ғылыми-практикалық институты «ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы бойынша аралық қорытындыларын ұсынды. Диагностикалық сауалнамаға бағдарламаға қатысушы пилоттық мектептерден 20 мыңнан астам оқушы, ата-аналар мен педагогтер қатысты.
 
Респонденттердің айтуынша, олардың психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға қатысу белсенділігі бағдарлама басталған уақытпен салыстырғанда бес есеге артқан.
 
Нәтижелер көрсеткендей, пилоттық мектептерде оң өзгерістердің тұрақты динамикасы байқалады: • мұғалімдер мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас жақсарған; • мектепте көмектесуге дайын ересектер бар екенін сезінетін балалар саны үш есе өскен; • оқушылар арасындағы қарым-қатынас мейірімділік пен достыққа құрылуда; • балалар арасында мазақтау үшін лақап есімдермен атау жағдайлары азайған; • педагогтер әкімшілік пен әріптестер тарапынан қысымға сирек ұшырайтын болған.
 
Айта кетейік, отандық «ДосболLIKE» антибуллинг бағдарламасы биыл 1 қыркүйектен бастап барлық мектептер мен колледждерге енгізіледі. Қазіргі таңда бағдарлама еліміздің тоғыз өңірінде 50 мектепте апробациядан өтуде.