Оқу-ағарту министрлігінің осы аптадағы жаңалықтарына қысқаша шолу

Оқу-ағарту министрлігінің осы аптадағы жаңалықтарына қысқаша шолу

✅ Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының хабарлауынша, «Менің класым буллингке қарсы» челленджіне 5000-нан астам қазақстандық оқушы қосылды. Республикалық акция оқушылар мен мұғалімдердің назарын буллинг мәселесіне аудару, жасөспірімдер арасында буллингке қарсы ой қалыптастыруды мақсат тұтады.

✅ Аралдық оқушылар математика пәнін футбол ойыны арқылы оқиды. Қызылорда облысы Арал қаласы №262 мектеп-гимназиясының жас мұғалімі Мұқан Төлебаев нақты ғылымды оқытудың жаңа әдісін ойлап тапты.

✅ Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында әдістемелік материалдардың цифрлық кітапханасы жұмыс істей бастады. Бірыңғай цифрлық ресурста педагогтер жүз мыңнан аса әдістемелік құралдар мен диссертацияларды пайдалана алады. Жоба республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханамен бірлесіп жүзеге асырылуда.

✅ Қазақстанның 17 облысы мен 3 қаласында Worldskills аймақтық чемпионаттары өтті. Оған ел бойынша 3500-ден астам студент, 4000-ға жуық сарапшы, оның ішінде 500-ден астам жұмыс беруші қатысты.

✅ Шығыс Қазақстан облысында өткен Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиада өз мәресіне жетті. Республикалық олимпиадада 81 оқушы жүлдегер атанып, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Тағы 29 қатысушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ерекше жетістіктері үшін» грамотасына ие болды. Екі жеңімпазға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Семей қаласының Шәкәрім университетіне гранттар табысталды.

✅ Қосымша білім берудің төрт мыңға жуық педагогі біліктілікті арттырудың тегін курстарынан өтеді. Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында қосымша білім беру педагогтері, үйірме басшылары, тәлімгерлер, пікірталас қозғалысы мен өзін-өзі басқару үйлестірушілері үшін біліктілікті арттыру курстары басталды.

✅ Қазақстанда алғаш рет «Хаус-мастер» біліктілігі бойынша кадрлар даярлау басталды. Жаңа мамандық бойынша 25 адам білім алуда. Кадр даярлау Алматы және Астана қалаларында, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылады.

✅ Астанада өткен Robotek Grand Tournament-2023 республикалық чемпионатында 21 команда жеңімпаз атанды. Оған өңірлік кезеңнен іріктелген 130 команда қатысып, кіші, орта және ересек топтар арасында жеті санат бойынша сынға түскен болатын. Үздіктерге диплом, медаль, сертификаттар табысталды.

✅1-6 мамыр аралығында елордада химия пәнінен оқушылардың 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтті. Оған 21 елдің өкілдері қатысты. Еліміздің намысын 15 бала қорғап, Қазақстан құрамасының қоржынына екі күміс, 10 қола медаль түсті.