ЕЛІМІЗДІҢ МЕКТЕПТЕРІНДЕ АТА-АНАЛАР АКАДЕМИЯСЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

ЕЛІМІЗДІҢ МЕКТЕПТЕРІНДЕ АТА-АНАЛАР АКАДЕМИЯСЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАЙДЫ

ҚР Оқу-ағарту министрі Қызылорда облысы Қазалы ауданының ата-аналары және жұртшылықпен кездесуінде мектептерде ата-аналар академиясы жұмыс істейтінін мәлімдеді. Қатысушылар құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
 
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова баяндамасында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар әзірленгенін айтты. Министрлік заңнамалық базаны жетілдіруде, оның ішінде баланың жәбірленуден қорғану құқығы бекітілді. Балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, мектептердің психология қызметтің жұмыс ережесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды. Еліміздің әр өңірінде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істеуде. Балалар мен ллардың ата-аналарына жедел көмек көрсету үшін «Бала қорғау» телеграм-чаты жұмыс істейді. Айта кетейік, бұл шаралардың барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бірыңғай тәсілдерді қалыптастыруға бағытталған.
 
Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар шаралар қабылданған. Барлық білім беру ұйымдарында мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылы қолға алынған. Ата-аналар мен аға ұрпақты тарта отырып адами құндылықтарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі аспектілерді атап өтті. Сондай-ақ осы бағытта қабылданып жатқан шараларға тоқталды.Министрлік балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда отбасы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған «Ата-аналар академиясы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасын әзірлеуде.

Кездесу соңында министр тоғыз жастағы Жансерік Әлімнің ұстазы мен ата-анасына алғыс хаттар табыс етті. Оқушы төтенше жағдай кезінде бауырларын өрттен аман алып шығып, ержүректігін көрсетті. Сондай-ақ кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңестерінің төрағалары сөз алып, ой бөлісті. Айта кетейік, ата-аналар және жұртшылықпен осындай кездесулер еліміздің барлық өңірлерінде жалғасады.