РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГАСЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТЕДІ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГАСЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТЕДІ

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының хабарлауынша, он спорт түрінен Ұлттық мектеп лигасы өтіп жатыр.

Биыл лига ойындары баскетбол, футзал, волейбол, гандбол, футбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, бес асық - асық ату, жеңілатлетикалық кросс спорт түрлерінен өтеді.

Финалдық ойындар Астана қаласы, Алматы және Павлодар облыстарында 5-6, 7-8, 9-11 сыныптар бойынша 31 наурыз – 6 маусым аралығында топтастырылып өткізіледі.

«Лиганың алғашқы жарыстары елордада 9-11 сынып оқушылары арасында басталды, жарыстар 8 мамырға дейін жалғасады. 7-8 сыныптар арасында Павлодар қаласындағы жарыстар 18 сәуір – 8 мамыр аралығында өтеді. Ал 5-6 сынып оқушылары 15 мамыр – 6 маусым аралығында Алматы облысында өзара мықтыларды анықтайды», - деді Орталық директоры Сағдат Садықов.

Ұлттық мектеп лигасы аясында 30 жарыс бойынша республикалық кезеңге бес мың оқушы жолдама жеңіп алған. Мектеп лигасының іріктеу жарыстары республиканың барлық аймағында оқу жылының басынан бастап сәуір айына дейін өтті. 2022-2023 оқу жылында мектепішілік, аудандық, қалалық/облыстық кезеңдерге екі миллионнан астам оқушы қатысқан.

11 сәуір күні сағат 18:00-де Астана қаласының «Жастар сарайында» Ұлттық мектеп лигасының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.