ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ПЕН СҚО ӘКІМІ АЙДАРБЕК САПАРОВ ӨҢІРДЕГІ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ПЕН СҚО ӘКІМІ АЙДАРБЕК САПАРОВ ӨҢІРДЕГІ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаровпен кездесті. Күн тәртібінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы мектептердің құрылысы мәселесі талқыланды.

 

Жобада облыс орталығы Петропавлда 4 жаңа мектеп салу көзделген. Білім ордаларын төрт шағын ауданда, атап айтқанда, Жас-Өркен, Орман, Қопай және Береке аудандарында салу жоспарланып отыр. Екі мектептің құрылысы биыл, тағы екеуі келесі жылы, яғни 2024 жылы басталады.

Оқу-ағарту министрі құрылыстың уақытылы басталып, дер кезінде аяқталуына баса назар аударды.

 

«Барлық мәселені дер кезінде және сапалы орындау қажет. Мектептердің уақытылы тапсырылуына әкімдердің жауапкершілігі бекітілгенін білесіздер. Жаңа мектептерде балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өскелең ұрпақ тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров министр Ғани Бейсембаевті жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, білім саласындағы ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.

 

«Сіз айтқан барлық мәселені пысықтап жатырмыз. Мектеп құрылысына жер телімдері бөлінді, жұмыс жүріп жатыр. Ұлттық жоба бойынша мектептерді уақытылы пайдалануға беруге бар күшімізді саламыз. Сондай-ақ бұрын басталған мектептердің құрылысын аяқтау үшін қаржы бөлуге қолдау көрсетуіңізді сұраймыз. Бұл Тайынша қаласында, Вишневка ауылындағы мектептердің, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мектеп-интернаттың құрылысы», - деп айтты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров.