ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ ОҚУШЫЛАРЫМЕН БІРГЕ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК БАҒЫТТАР ҚҰРАДЫ

ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ ОҚУШЫЛАРЫМЕН БІРГЕ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДА ТУРИСТІК БАҒЫТТАР ҚҰРАДЫ

Туған жердің тарихы көз алдымызда өзгеріп келе жатқандай. Қостанай облысының оқушылары балаларға ел тарихына және туған өлкесіне деген сүйіспеншілікті оятып жүрген жас ұстаз Дамир Сұлтанов туралы дәл осылай ойлайды. Ұстаз бос уақытында шәкірттеріне Меңдіқара ауданының қарағайлы ормандар қорығына тегін экскурсиялар өткізіп, кейін олармен бірге туристік маршруттар құрады.

Дамир Сұлтанов Меңдіқара ауданында туып-өскен. Педагогикалық университетті бітіріп, 2016 жылы туған ауылына оралғаннан кейін ол Первомай ауылындағы мектепте тарих пәнінен сабақ бере бастайды.

Дәл сол кездері жас мұғалім 12 оқушы үшін «Меңдіқараның жас зерттеушілері» өлкетану үйірмесін ашады. Оқушылар сабақтан тыс уақытта мұғаліммен бірге ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға саяхаттап, туған өлкесінің тарихы мен географиясын зерттейді. Сонымен қатар үйірме мүшелері өздерінің жеке туристік маршруттарын да құрады.

«Дамир Мыңайдарұлы күнделікті сабақтағы жаңа тақырып болсын немесе бірнеше жыл бойы айналысып жүрген ғылыми жұмыс болсын, барлық білімді шебер жеткізе біледі. Сабақтарымыздың арқасында өңірімізге келген қонақтарға тарихта із қалдырған барлық маңызды оқиға туралы айтып, экскурсиялар жүргіземіз», - дейді 11-сынып оқушысы Даниил Чебец.

Ұстаздың «Меңдіқара – менің туған өлкем» атты авторлық бағдарламасы қарағайлы орман қорығына басқа өңірлерден келетін балалардың экскурсияларының негізі болды. Оның еңбегін оқушылардың ата-аналары да ерекше құрметтейді.

«Балам мен оның сыныптастары мектеп бағдарламасынан озып, ауданның білімді азаматтары ғана емес, сонымен қатар қоғамның азаматтық ұстанымы бар, белсенді мүшесі болып қалыптасып келе жатқанын көріп отырмын. Үлкен ұлым Данил жақын арада мектепті бітіреді, бірақ оның бойында Отанымыздың абыройлы азаматы қасиеті мәңгі сақталатынын білемін. Ал Дамир Мыңайдарұлының жетекшілігімен жазылған ғылыми еңбектері және облыстық, республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен байқаулардағы жеңісі Данилдің мамандық таңдауына септігін тигізді. Екінші ұлым Иван 5-сыныпқа енді ғана қадам басты және ол Дамир Мыңайдарұлының әр сабағын асыға күтеді», - деп айтты оқушылардың бірінің анасы Валентина Чебец.

Алдағы уақытта мұғалім мен оның шәкірттері Қазақстанның барлық аймағындағы оқушылар  Отанының сұлулығымен және бай тарихымен таныса алуына мүмкіндік беретін виртуалды маршрут жасауды мақсат етіп отыр. Онымен қоса, бүгінгі күні ұстаз «Меңдіқара – менің туған өлкем» атты жеке әдістемесіне лицензия алу үшін әрекет етіп жатыр. Болашақта еліміздің барлық мұғалімі оны пайдалана алады.

«Маған бала күнімнен туған өлкемнің тарихы орны толмас қазынадай көрінетін. Оны өзім көрген соң, ұстаз болып, осы біліміммен бөліскім келді. Әр оқушымның өзін үлкен дәуірдің, біртұтас халықтың бір бөлшегі ретінде сезінуіне, өз елінің нағыз азаматы болуына көмектескім келді», – дейді тарих пәнінің мұғалімі Дамир Сұлтанов.