ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Осы аптада Оқу-ағарту министрлігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды. Оның құрамына жекеменшік білім беру ұйымдарының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер, депутаттар, ҮЕҰ және ІТ саласының өкілдері, мұғалімдер, мектеп директорларынан құралған 21 адам кірді. Кеңестің алғашқы отырысында дауыс беру арқылы президиум мүшелері сайланды. Қоғамдық кеңестің міндеттері - талқылау мен шешім қабылдауда азаматтық қоғамның мүддесін білдіру, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және мемлекеттік орган қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету. Қоғамдық кеңес үш жыл мерзімге сайланады.

 

Асхат Аймағамбетов робототехника, STEAM және бағдарламалау бойынша үйлестіру кеңесінің отырысына қатысты. Жиында республикалық қауымдастық өкілдері, жаттықтырушылар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері робототехника қозғалысын дамыту мәселелерін талқылады. Оқу-ағарту министрі еліміздегі мектептерде 3 мыңнан астам робототехника кабинеттері жұмыс істейтінін атап өтті. Бұдан бөлек соңғы екі жылда ғана елімізде 33 мамандандырылған IT-лицей ашылғанын еске салды. Осының нәтижесінде қазақстандық оқушылар беделді халықаралық жарыстардан жүлде алып, үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Асхат Аймағамбетов робототехника, STEAM және бағдарламалау министрлік жұмысының басым бағыттары екенін айтты. 

 

Асхат Аймағамбетов «AMANAT» партиясы жанындағы Саяси менеджмент академиясының «Жас саясаткер» мектебінің қатысушыларымен кездесті. Оқу-ағарту министрі ведомство қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып, қоғамдық саясатты дамыту туралы өз пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы білім беру саласына қатысты басымдықтарын жүзеге асыру жұмыстарына тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

 

Асхат Аймағамбетов Қазпошта ұйымдастырған «Жазылушылар күні» аясында мерзімді баспасөз басылымдарына жазылды. Оқу-ағарту министрі мектеп оқушыларының кітап оқуға құштарлығын ояту аса маңызды екеніне тоқталды. Ол үшін балаларға арналған газет-журналдар қызықты әрі сапалы контентке толы болуы керек екенін айтты. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының баспа түрі өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтті.

 

Елордада «Ақберен» IX республикалық өнер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Шығармашылық сайысқа 8-11 сыныптардың 2 мыңға жуық оқушысы қатысты. Балалар халық аспаптарын меңгеру шеберлігі, шешендік өнер, білім сайысы, эссе жазу, ақын-импровизаторлар сайысы, сондай-ақ поэзия байқауында бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша 36 оқушы Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.