Асхат Аймағамбетов Шымкент қаласының мектептері мен балабақшаларын аралап, жедел басқару орталығына барды. Оқу-ағарту министрі мектеп асханаларының, кітапханалардың жұмысымен, шахмат және дебат бойынша мектеп лигаларының, мектеп парламенті қозғалыстарының дамуымен танысты

Асхат Аймағамбетов Шымкент қаласының мектептері мен балабақшаларын аралап, жедел басқару орталығына барды. Оқу-ағарту министрі мектеп асханаларының, кітапханалардың жұмысымен, шахмат және дебат бойынша мектеп лигаларының, мектеп парламенті қозғалыстарының дамуымен танысты
Шымкент қаласына жұмыс сапарымда қала мектептері мен балабақшаларын, сондай-ақ жедел басқару орталығын араладым.
 
Жедел басқару орталығының ғимаратында полиция қызметкерлерінің мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысымен таныстым. Полиция департаментінің басшысы генерал Қайрат Дәлбеков қауіпсіздіктің қалай қамтамасыз етілетінін, мектептердегі бейнебақылаудың қалай жүргізілетінін және қажет болған жағдайда полицияның түрлі оқиғаларға қалай әрекет ететінін көрсетті. Сондай-ақ «дабыл түймелерінің» жұмысын да тексердік. Шымкент мектептерінде 2 600 камера орнатылған. Алайда бұл мәселеде камералардың саны емес, сапасы мен төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге дайындығы маңызды. Бұған дейін Ішкі істер министрімен кездесіп, осы бағыттағы бірлескен жұмыстарды талқылаған едік.
 
Одан кейін №9 мектеп-лицейде болдым. Кітапхананы, мектеп асханасын, буфет өнімдерінің бағасын, қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін қарадым. Сонымен қатар мектеп белсенділерімен әңгімелестім. Олар мектептегі дебат лигасы мен мектеп парламентінің дамуы туралы айтты. Осы мектепте де, қалада да шахматтың дамып жатқаны қатты қуантты. Өйткені бірі әлем чемпионатына дайындалып жатса, ал енді тағы бірі спорт шеберіне үміткер.
Президенттің оқушылар арасында шахмат қозғалысын дамытуға қолдау көрсетіп отырғанын білесіздер. Қазір еліміздің барлық мектебінде «Шахмат» факультатив ретінде 654 мектепте бар. Бұл мектептерде факультатив 28 мың балаға арналған, ал мектептердегі шахмат секцияларының саны 7 мыңға жуықтады. 60 мыңнан астам оқушы оларға баруға мүмкіндік алды.
 
Сонымен қатар №33 мектепті араладым. Сыныптарды, асхананы, кітапхананы аралап, оқушылармен, әріптестермен сөйлестім. Кітапхана жұмысы, «Оқуға құштар мектеп» жобасы, жағдайы, асхана жұмысына қатысты ескертулер бар. Оларды жою жөнінде білім басқармасына тапсырма берілді.
 
Мемлекеттік «Аружан» балабақшасында да болдым. Тәрбиешілермен әңгімелесіп, балабақшаның жұмыс жағдайымен таныстым. Тәрбиешілер жаңа МЖМБС мен жаңа үлгіні балабақшада қалай енгізіп жатқандары және «Топтағы екі тәрбиеші» пилоттық жобасы туралы өз ойларын айтты.
 
Тексеру қорытындысы бойынша қаланың білім басқармасы басшылығына ескертулерді жою жөнінде тапсырмалар бердім.