ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА ЕЛІМІЗДІҢ 4 ӨҢІРІНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТҚАН МҰҒАЛІМДЕРМЕН ОНЛАЙН КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА ЕЛІМІЗДІҢ 4 ӨҢІРІНДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТҚАН МҰҒАЛІМДЕРМЕН ОНЛАЙН КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Бұл жерде әңгіме мұғалім жетіспейтін немесе білім сапасы төмен Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстары туралы болып отыр. Бұл өңірлерге конкурстан өткен басқа облыстың педагогтері жаңа оқу жылында аттанған болатын.

Оқу-ағарту министрлігінің басшысы жергілікті атқарушы органдардан әріптестердің жаңа жерге қалай бейімделгенін, ұстаздардың еңбек және тұрмыс жағдайын, еңбекақыны қалай төлейтінін, қандай сұрақтар мен мәселелердің барын анықтады. Министр жайлы жағдай жасау, күнделікті мәселелерді шешуге көмектесу, еңбекақы төлеуде бірыңғай тәсіл мәселелерін бақылауға алуды тапсырды.

Мұғалімдер министрге қызықтырған сұрақтарын қоя алды. Педагогтердің сұрақтарына жауап берген Асхат Аймағамбетов құрылымдық бөлімше басшыларына ұстаздармен тұрақты байланыста болып, туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Министр назар аударған мәселелердің бірі – мұғалімдерді қолдау шараларының толық пакетімен қамтамасыз ету. Атап айтқанда, нақты оқу жүктемесіне сәйкес толық көлемде лауазымдық жалақысының 250% мөлшерінде қосымша ақы беру. Бұл сома жоғары жалақы, жалға берілетін пәтер ақысын және коммуналдық қызметтерді өтейді. Жергілікті атқарушы органдар мен құрылымдық бөлімшелердің өкілдеріне бұл мәселені ерекше бақылауға алып, барлық қажетті төлемді дер кезінде өтеу тапсырылды.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі 4 облысқа үздік мұғалімдерді тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеген болатын. Бұл білім сапасын арттыруға және аталған өңірлердегі мұғалімдердің тапшылығы мәселесін жоюға септігін тигізеді.