ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Астанада ТМД елдері мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің VII съезі өтті. Съезге қатысушылар өзара ынтымақтастықты нығайту, бірлескен ғылыми, IT-жобаларды құру, педагогтер арасында да, ТМД-дағы білім беру ведомстволары арасында да тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пандемиядан кейінгі кезеңде білім беру саласында цифрландыру жүйесі күшейгенін айтып, енді технология мен әлемге дәстүрлі көзқараспен қарайтын мұғалім арасындағы теңгерімді табу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ жиында үздік ұстаздар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Айта кету керек, Беларусь, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан және Армения өкілдері съезд қорытындысына оң баға берді.
 
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру саласы қызметкерлерінің VII съезі аясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен білім беру саласындағы кеңес отырысы өтті. Оған Беларусь, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Армения елдерінің өкілдері қатысты. Жиында ТМД-ға мүше мемлекеттердің базалық ұйымдары қызметін дамыту, білім сапасын қамтамасыз ету, білікті мамандарды даярлау, IT-жобалар мен ұлттық аттестация жүйелерін дамыту мәселелерін қарады.
 
Асхат Аймағамбетов мұғалімдер күніне және ТМД-ға мүше мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің VII съезіне арналған мерекелік шараға қатысты. Салтанатты жиында үздік педагогтар мен сала ардагерлері алғыс хаттармен, төсбелгілермен және ақшалай сыйақылармен марапатталды. Оқу-ағарту министрі мұғалімдерді мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асқан білім беру саласындағы оң өзгерістер туралы айтты.  

«Жас маман» жобасы аясында еліміздегі 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін заманауи жабдықтар сатып алынды. Бұл туралы «Желіге шолу» айдарында Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы айтты. Алтай Рахимберлин бүгінгі таңда еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының  маман даярлаудағы әлеуеті жоғары екенін мәлімдеді. Сөзінше, материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Еліміздегі 180 колледждің базасы Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Швейцария, Италия, Ресей және т.б. елдерден сатып алынған оқу жабдықтарымен жаңартылды.

TikTok қысқа бейнероликтерді көруге және жасауға арналған жетекші платформа Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен #ҚазақстанМұғалімдері байқауын жариялайды. Челленджге қатысу үшін педагогтар танымдық бейнероликтер дайындап, #ҚазақстанМұғалімдері хэштегімен TikTok-та жариялауы тиіс. Байқау 6 қазан мен 1 желтоқсан аралығында өтеді. Жеңімпаздар 8 желтоқсан күні челлендждің ресми парақшасында анықталады. Үздік үштікке енген мұғалімдер бағалы сыйлықтармен марапатталады.