ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ЕЛ МЕКТЕПТЕРІНДЕ 1500-ГЕ ЖУЫҚ ПЕДАГОГ-АССИСТЕНТ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: ЕЛ МЕКТЕПТЕРІНДЕ 1500-ГЕ ЖУЫҚ ПЕДАГОГ-АССИСТЕНТ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР

Жаңа оқу жылының басынан бастап Қазақстан мектептерінде 1 500-ге жуық педагог-ассистент жұмысқа кірісті.

Мұндай мамандар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көбірек көңіл бөлуді талап ететін инклюзивті білім беруде сұранысқа ие. Олар даму ерекшеліктері бар оқушыларға мектепке бейімделуге көмектеседі.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында білім беруді қолжетімді және инклюзивті етуді тапсырды. Президент әрбір қазақстандық оқушының білім алуы және жан-жақты дамуы үшін лайықты жағдай жасау керегін атап өтті. Ол үшін мектептерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. 

«Былтырдың басында ел мектептерінде осындай 700 педагог жұмыс істесе, осы оқу жылының басында олардың саны 1 500-ге дейін көбейді. Педагог-ассистенттер ерекше балалармен жұмыс істеуде ерекше рөл атқарады, олар балаларды бағыттап, бейімделуге көмектеседі. Бұл ерекше қажеттіліктері бар балалар туралы болғандықтан, педагог-ассистенттер техникалық қолдау да көрсете алады, мысалы, егер бала өздігінен қозғала алмаса. Сондай-ақ егер балаға дефектологтың көмегі қажет болса, педагогикалық қолдау көрсетеді», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Сонымен қатар педагог-ассистент ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Оқу бағдарламалары ерекше балалардың қажеттіліктеріне қарай бейімделеді. Педагог-ассистенттер оларға өткен материалды меңгеруге көмектеседі. Онымен қоса олар мектеп қабырғасында ерекше балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қажетті жағдайлардың сақталуын қадағалайды.

Алдағы уақытта министрлік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында педагог-ассистент лауазымын енгізуді жоспарлап отыр.