ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Асхат Аймағамбетов Алматы облысына жұмыс сапарымен барды. Алдымен Қонаев қаласындағы және өңірдегі ауыл мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты. Министр оқу кабинеттерін, асхана мен кітапхананы, спорт залын аралады. Мұғалімдермен жаңа оқу жылы, оқу жоспарлары мен бағдарламалары жайында әңгімелесті. Талғар ауданы Дәулет ауылындағы №11 орта мектептің жағдайымен танысқан Оқу-ағарту министрі әкімдікке балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Асхат Аймағамбетов Іле ауданындағы №9 орта мектепке барды. Мұнда «Қолайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Министр Талғар ауданы Жаңа Қуат ауылындағы «Дана» жекеменшік мектебіне де соқты. Министр мектептің материалдық-техникалық жабдықталуын жоғары бағалады. Алматы облысына жұмыс сапары аясында Асхат Аймағамбетов тамыз конференциясына қатысты. Министр алдағы оқу жылына қойылған міндеттер, атқарылған жұмыстар туралы айтты. Алматы облысында 50-ден астам үш ауысымды мектеп бар. Мәселені шешу үшін жаңа стандарттар бойынша 60-тан астам мектеп салу жоспарланып отыр. Облыста мектептердің құрылысын келесі жылы бастау жоспарланған. Өңірге сапары барысында Оқу-ағарту министрі азаматтарды жеке қабылдады. Асхат Аймағамбетов түйткілді мәселелерін шешу бойынша білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету бөлімі мен жергілікті білім басқармасы басшыларына тапсырмалар берді.

 

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша кеңес өткізді. Асхат Аймағамбетов мектептердегі камералардың саны емес, олардың жұмыс сапасы мен қанша оқушыны қамтитыны маңызды екеніне баса назар аударды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының тәжірибелі күзетшілері жиі ауыспауы үшін оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету керегіне де тоқталды. Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі өкілдерімен бірлесіп, оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты сабақтар өткізуді жоспарлап отыр.

 

Асхат Аймағамбетов беделді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына сертификаттар мен қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар табыстады. Биыл қазақстандық оқушылар еліміздің халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысу тарихында рекордтық медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медаль бар. Дарынды оқушыларға табысталған сыйақының жалпы сомасы 76 млн теңгеден асты. Жеңімпаздарды дайындаған педагог-тәлімгерлер де ақшалай сыйлыққа ие болды.

 

Асхат Аймағамбетов республикалық жекеменшік ұйымдар қауымдастықтарының өкілдерімен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жекеменшік балабақша құрылтайшылары бірінші кезекте аттестациядан өткен немесе әкімдіктерден мемлекеттік тапсырыс алған балабақшаларға автоматты түрде лицензия беруді ұсынды. Олардың пікірінше, бұл балабақшаларға түсетін ұйымдастырушылық жүктемені азайтып, лицензия беру жүйесін енгізуді тездетеді. Сондай-ақ қауымдастық өкілдері мектепке дейінгі ұйымдардың жіктемесін жасап, балабақшалар, шағын орталықтар және т.б. критерийлерін нақты белгілеу қажеттігін атап өтті.

 

Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахимберлин «Oqu-ağartu LIVE» айдарында колледждерге құжат қабылдаудың қорытындысы туралы айтты. Кәсіптік және техникалық білім алуға 180 мыңнан астам адам құжат тапсырды. Биыл еліміздегі колледждерге 128 мың грант бөлінді. Сонымен қатар квоталар тізімі кеңейтілді.