ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясы аясында «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың жаңа моделін іске асыру: мазмұнды сапалы жаңғырту» тақырыбындағы панельдік секция отырысына қатысты. Жиында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялау, мемлекеттік тапсырысты орналастыру, «Білімді ұлт» жобасын іске асыру мен педагогтердің біліктілігін арттыру мәселелері қозғалды. Оқу-ағарту министрі елімізде мектепке дейінгі ұйымдар саны жыл сайын артып жатқанын айтты. Бүгінде 11 мыңнан астам балабақша жұмыс істейді, оның 47 %-дан астамы жекеменшік. Нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 98,2%-ы мектепке дейінгі ұйыммен қамтылды.

Оқу-ағарту министрі «Ауыл мектептері және шағын жинақты мектептердің білім алушылары үшін сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» тақырыбындағы пленарлық отырысқа қатысты. Кеңесте шағын жинақты мектептердегі білім сапасын арттыру және виртуалды оқыту әдісі бойынша пилоттық жобалар таныстырды. Оқу-ағарту министрі ауыл және қала мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықты қысқарту, ауыл мектептерін педагог кадрлармен қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқушыларды тасымалдау мәселелерін шешу туралы айтты.

Оқу-ағарту министрі Нұр-Сұлтан қаласындағы мектептерді аралады.
Асхат Аймағамбетов №71 мектеп-лицейінің инклюзия, робототехника кабинеттері мен STEM-зертхананы аралап, жабдықталуын көрді. Мектепте 4200 оқушы білім алады. Министр биыл 1 сыныпқа баратын балалардың мектепалды дайындық жұмыстарымен танысып, бүлдіршіндермен сөйлесті. Пәндік кабинеттерді аралап, ұстаздар ұжымымен пікір алмасты. Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Асхат Аймағамбетов елдордада салынып жатқан мектептерді аралап, құрылыс қарқынын көрді. Сондай-ақ сапар аясында жекеменшік мектептердің де жұмысымен танысты.
 
Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында 2022-2023 оқу жылының жаңалықтары қаралды. Жаңа оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарда – 36 оқу аптасын құрайды. Биыл қазақ тілінде білім алатын 1 сынып оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілін» ғана оқиды. Ал орыс тілін 2 сыныптан, ағылшын тілін 3 сыныптан бастап меңгереді. 5 - 11 сыныптарда вариативтік компонентке «Жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі. Әдістемелік нұсқау хатта вариативті компоненттегі сағаттарды ұтымды пайдалану, инклюзивті білім беруді жүзеге асыру, сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру бойынша нақты ұсыныстар көрсетілген.

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев «Oqu-ağartu LIVE» айдарында «Жалпыға міндетті білім беру» қоры аясында материалдық көмек көрсету тәртібіндегі өзгерістер туралы айтты. Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен еліміз бойынша ең төменгі көмек мөлшері бекітілді. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 37 389 теңгеден кем болмауы керек. Жаңа оқу жылы қарсаныңда әлеуметтік осал санатындағы 400 мыңнан астам бала мемлекеттен қаржылай қолдаумен қамтылады. Ақша ата-аналардың шотына тікелей түсіп, мектеп формасын, аяқ киім және кеңсе тауарларын баласымен бірге өздері таңдап, сатып алады.