Аризона университетімен қос дипломдық бағдарламалар

Аризона университетімен қос дипломдық бағдарламалар

Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз жоғары оқу орны CҚУ мен Американың ең ірі жоғары оқу орындарының бірі – Аризона университетінің ынтымақтастығы қарқынды дамуда. Өткен жылы жоғары оқу орындары, ҚР Білім және ғылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы үшжақты келісім жасалды. Ал қазір жаратылыстану, агротехнологиялық және IT салаларына алғашқы талапкерлерді қабылдау басталды, 13 шілдеден бастап 20 шілдеге дейін жалғасады.

«Қозыбаев университеті Аризона университетімен стратегиялық серіктестік жүргізеді. Бұл қазақстандық талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Біріншіден-халықаралық үлгідегі қос дипломға ие болу, сұранысы жоғары мамандықты игеру. Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ-тың жетекші профессорларының қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізетін сабақтарына қатысу мүмкіндігі бар. Бұл ретте оқыту гранттар бойынша жүзеге асырылады, яғни оқуға түскен білім алушылар үшін, оның ішінде соңғы семестрде Аризона университетінде оқу тегін болады»,- деп  Аризона университетінің стратегиялық бастамаларының директоры Рикки Салазар брифингте  атап өтті.

Қос дипломды бағдарламаға 500 грант бөлінді.

Құжаттарды тапсыру барынша жеңілдетілген. Өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін ол онлайн және офлайн режимінде жүзеге асырылады. Онлайн өтініш беру үшін сізге үш қарапайым қадамдарды орындау қажет: BigBlueButton платформасы арқылы университеттің виртуалды қабылдау комиссиясына хабарласыңыз, онда кеңесші барлық сұрақтарға жауап береді және тіркейді. Әрі қарай құжаттарды университеттің пошта бөлімшесіне жіберу керек. Ал үшінші кезең – техникалық хатшыдан құжаттардың қабылданғаны туралы растау алу.

«Біз ҚР бойынша көптеген мектептерге барып, талапкерлердің Аризона университетімен қос диплом бағдарламаларына қызығушылығын байқадық. Қабылдау комиссиясына Қазақстанның әр өңірінен келген талапкерлерден қоңыраулар түседі. Халықаралық бағдарламалардың енгізілуімен Петропавл қаласы еліміздің түкпір - түкпірінен белсенді балаларды тартатын орталыққа айналатынына үміттенеміз», - деп атап өтті инновация және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі Басқарма мүшесі Дәмел Мектепбаева.

Оқуға қабылдау бес білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі: «Өсімдіктер туралы ғылымдар», «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі», «Биотехнология», «Ақпараттық жүйелер».

Қозыбаев университетінің студенттері үшін екі жаңа жатақхана салынуда. Келер жылдың өзінде олар жаңа оқу-зертхана ғимаратында оқи алады. Осының барлығы талапкерлеріміздің өңірімізде қалып біздің жоо-ды таңдау мүмкіндігін арттырады.