ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында мектеп директорларын ротациялау мәселесі қаралды. Жеті жылдан артық бір мектептің басшысы болып отырған директорлар міндетті ротациялауға жатады. Бүгінде мемлекеттік мектептердің 1240 директоры жеті жылдан артық басшылық қызметте. Жыл басынан 220 мектеп директоры ротацияланды. Осы жылдың қазан айына дейін 514 мектеп директорын ротациялау жоспарланып отыр.

 

Асхат Аймағамбетов қазақстандық IT саласының өкілдерімен кездесті. Жиында білім беру саласын жетілдіруге, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған өнімдерді дайындау бойынша ұсыныстар талқыланды. Пандемия уақытында мектеп бағдарламасы толығымен цифрланды. Қазір 12 мыңнан астам тақырып бойынша онлайн-сабақ екі тілде, барлық электронды құрылғыларда қолжетімді. Асхат Аймағамбетов мектептерді бұлтты бухгалтерияға көшіру, ақпараттық цифрлы жүйелерді енгізу жұмысы туралы айтты. Сондай-ақ жан басына қаржыландыруды тиімді іске асыруға мүмкіндік беретін және деректерді өңдеп, сараптама жасайтын жүйелерді дайындаудың маңызына тоқталды.

 

Осы аптада Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев «Oqu-ağartu LIVE» айдарында мұғалім тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарламаның аралық нәтижелері туралы айтып берді. Алғашқы аптада 1088 мұғалім бағдарламаға қатысуға өтініш берді. Құжаттар 2022 жылғы 11-21 шілде аралғында қабылданады. Қажетті құжаттар тізімі жергілікті атқарушы органдардың және НЗМ ақпараттық ресурстарында орналастырылған.