ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Осы аптада еліміздегі жеті жарым мыңға жуық мектепте соңғы қоңырау соғылды. Биыл 170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасты. 8139 оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы №75 мектеп-гимназиясына барып, соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатысты. Министр түлектерді мектеп бітіру күнімен құттықтап, педагогтерге еңбектері және ата-аналарға балаларға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтты.

Бішкекте әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университетінің филиалы ашылды. Филиалды ашу туралы шешім Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың былтыр елімізге сапары кезінде қабылданған болатын. Университет 13 мамандық бойынша оқытады. Профессорлық-оқытушылық құрамның 70%-ы жергілікті, 30%-ы қазақстандық мамандардан жасақталады. Студенттер үш тілде оқып, халықаралық деңгейдегі диплом иеленеді.

Министрліктің аппарат жиналысында оқу жылының аяқталуы мен жаңа оқу жылына қабылдау мәселелері қарастырылды. Биыл 133 мыңнан астам бакалавр, 19 741 магистрант, 1759 докторант оқуды аяқтайды. Түлектерді жұмыспен қамту үшін 55 университетте еңбекпен қамту орталықтары жұмыс істеп жатыр. Жаңа оқу жылында жоғары білім алуға 73 мыңнан астам грант бөлініп отыр. Оның 42 мыңы немесе 60 пайызы техникалық бағыттағы мамандықтарға арналған. Сондай-ақ биыл академиялық адалдық пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында талапкерлердің құжаттарын қабылдау министрліктің бірыңғай жүйесі арқылы жүзеге асады.

ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев «БҒМ LIVE» айдарында оқу жылының аяқталуы мен мектеп бітіру емтихандары туралы айтып, желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді. 11 сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 27-ші мамырда басталып, 10 маусымға дейін жалғасады. Биыл түлектер «Қазақстан тарихы» пәнінен ауызша емтихан тапсырады.