110 НЫСАН БОЙЫНША 1 000-НАН АСТАМ ХАБАРЛАМА: «БАЛАҒА ЛАЙЫҚ» АКЦИЯСЫНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ

110 НЫСАН БОЙЫНША 1 000-НАН АСТАМ ХАБАРЛАМА: «БАЛАҒА ЛАЙЫҚ» АКЦИЯСЫНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛДЫ

«Балаға лайық» акциясының аралық қорытындысы шығарылды. Бір айда ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне 110 нысандағы сәйкессіздіктер туралы 1 000-нан астам хабарлама түсті. Шағымдардың басым бөлігі мектептердегі санитарлық-гигиеналық жағдайға, нақтырақ айтқанда, гигиеналық құралдардың, жуынатын бөлмелерде қалқалардың болмауы, дәретхана кабиналарындағы есіктердің дұрыс жұмыс істемеуі және т.б. кемшіліктерге қатысты.

Ауладағы мектеп дәретханалары туралы 3 хабарлама түсті.

Бұған дейін Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қазақстандық оқушылармен және ата-аналармен бірлесіп, мектеп әжетханалары мен асханаларындағы кемшіліктерді анықтау, мектептерді жабдықтау және оларды ұстауға қаржы алатын әкімдіктермен бірлесіп, ескертулерді жою мақсатында «Балаға лайық» акциясын бастаған болатын.

«Акцияның бірінші кезеңі аяқталды. Жұмысты белсенді жүргізу үшін барлық облыстың білім басқармаларымен, балалар өкілдіктерімен онлайн кездесулер өткізілді. Білім беру ұйымдарында кез келген әжетхана мен асхананың фото-видеосын жібере алатын мессенджерлердің QR-кодтары бар буклеттер таратылды. Акцияға оқушылар мен ата-аналар белсенді қатысты. Мектептер мен оларды қаржыландыру әкімдіктердің құзыретінде болғандықтан білім ордаларының санитарлық-тұрмыстық жағдайы мен асханаларының жай-күйіне қатысты барлық шағым әкімдіктерге жіберілді. Оларға акция кезінде анықталған кемшіліктер мен ескертулерді жоюға уақыт берілді. Олар 1 қыркүйекке дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жіберілген қателіктермен жұмыс істеуі керек. Әкімдіктер кемшіліктерді жойғаннан кейін Instagram-дағы @balaga.laiyq парақшасында мектеп әжетханалары мен асханаларының «дейінгі және кейінгі» фотолары мен видеолары жарияланады», - деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Одан бөлек, оқушылар мен ата-аналар талапқа сай келетін жуынатын бөлмелер мен асханалардың фото және видеоларын жолдағанын айта кету керек.

Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғауға қатысты да өтініштер түсті. Комитет барлық қажетті жұмысты жүргізді.

Акцияның екінші кезеңі жаңа оқу жылының басында басталады.

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мектеп дәретханалары мен асханаларына мониторинг жүргізуге арналған «Балаға лайық» республикалық акциясын бір ай бұрын бастаған болатын. Акция «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен өтіп жатыр. Сондай-ақ ол жылы дәретханалары жоқ, балалар үшін санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасалмаған білім беру ұйымдарын анықтауға бағытталған. Мониторинг жазалау үшін емес, мектептерді балаларға қажетті жағдай жасауға тарту үшін жүргізіліп отыр. Бұл ретте мектеп асханаларында проблемалы жуынатын бөлмелер мен заң бұзушылықтар туралы хабарлағандардың анонимдігіне кепілдік беріледі және олар туралы ақпараттар жария етілмейді.

Бұған дейін министрлік бірқатар облыстың әкімдіктеріне ауладағы дәретханаларды жою және мектептерді балаларды қорғау үшін дабыл түймелерімен, бейнекамералармен және басқа да қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау бойынша жұмыс жүргізбеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы хат жолдаған болатын.