ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

ҚР БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІНІҢ АПТАЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА ШОЛУ

Министрліктің аппарат жиынында балабақшаларда мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделін енгізу барысы қаралды. Жаңа модель мектеп әдістемесіне қарай ығысып кеткен педагогикалық тәсілдемені өзгертуге бағытталған. Сарапшылар тобы басты орынға баланы шығарып, тәрбие жұмысын ойын арқылы жүргізуге басымдық беріп отыр. Жоба аясында педагогтердің ұсынысы бойынша бірнеше нормативтік құжат қайта қаралды.  Соның бірі мектепке дейінгі ұйым педагогтері жүргізетін міндетті құжаттар тізімін азайту арқылы қағазбастылық мәселесін шешу.

 

Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова «БҒМ LIVE» айдарында «Алтын белгі» иегерлерін анықтаудың жаңа талаптарын түсіндіріп берді. Биылдан бастап «Алтын белгіге» үміткерлер «Алгебра және анализ бастамалары» пәнінен қорытынды емтиханды Назарбаев Зияткерлік мектептерінің базасында тапсырады. Айта кетейік, былтыр мұғалімдердің тамыз кеңесінде «Алтын белгі» үміткерлеріне қойылатын талаптарды кезең-кезеңімен күшейту туралы шешім қабылданған болатын.

 

Асхат Аймағамбетов белгілі лингвист ғалымдардың қатысуымен «Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел жиынын өткізді. Министр гранттық және бағдарламалы-мақсатты қаржыландыру аясында 400-ге жуық ғалым тіл саласында 92 ғылыми зерттеу жұмысын жүзеге асырғанын айтты. Тіл комитеті тарапынан әзірленген 12 ІТ жоба қолданысқа енді. 32 мыңға жуық термин бекітілді.

Шара аясында алғаш рет «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстау рәсімі өтті. Ұзақ жылдар бойы тіл саласында еңбек етіп, ғылыми монографиялар, әдістемелік құралдар, ІТ жобалар әзірлеген ғалымдар мен жоба авторлары ведомстволық наградамен марапатталды.

 

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мектеп дәретханалары мен асханаларына мониторинг жүргізу мақсатында «Балаға лайық» республикалық акциясын бастады. Акцияға кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Ол үшін 8 700 699 04 46 нөмірі бойынша WhatsApp немесе Telegram-ға, сонымен қатар Telegram-дағы https://t.me/Balagakz_bot арнасы арқылы фото және видео жіберуге болады. Арнайы құрылған жұмыс тобы түскен шағымдарды қарап, мектеп дәретханалары мен асханаларының санитарлық талаптарға сәйкестігін бағалайды.

 

Асхат Аймағамбетов қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесті. Министр жоғары білім бағытындағы жаңа бастамалар мен өзгерістердің маңызын түсіндірді. Ведомство басшысы ректорларды ауқаншылдықтан арылып, нақты нәтижеге бағытталған жұмысқа көшуге шақырды. Бірінші кезекте білім беру бағдарламаларының сапасын жақсарту және академиялық мәселелерге басымдық беру керек,-деді Асхат Аймағамбетов.  

 

Осы аптада Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес өкілдерімен кездесті. Жиын барысында инклюзивті білім беруден бастап постдокторантураға дейінгі түрлі мәселелер көтерілді. Сондай-ақ бірлесе жүзеге асыруға болатын көптеген қызықты әрі маңызды ұсыныстар айтылды. Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес құрамына жас кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, жастар ұйымдарының жетекшілері, жас ғалымдар, Президенттік кадрлық резервтің мүшелері және т.б. кірді.