ҚР БҒМ МЕКТЕП ДӘРЕТХАНАЛАРЫ МЕН АСХАНАЛАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ

ҚР БҒМ МЕКТЕП ДӘРЕТХАНАЛАРЫ МЕН АСХАНАЛАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗУ АКЦИЯСЫН БАСТАДЫ

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасымен мектеп дәретханалары мен асханаларына мониторинг жүргізу бойынша «Балаға лайық» республикалық акциясы басталды. Акция «Мектептің жақсаруына көмектес!» ұранымен өтіп жатыр.

Акцияға кез келген ниет білдірушілер қатыса алады: мектеп оқушылары, еріктілер, балалар өкілдігі, мұғалімдер, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және т.б.

Осындай краудсорсинг және көптеген мүдделі тұлғаны тарту арқылы жылы дәретханалары жоқ және балаларға санитарлық-гигиеналық жағдай жасалмаған білім беру ұйымдары анықталады.

 «Мектептерді қаржыландырудың заңнамалық функциялары, олардың құрылысы мен қажетті жағдайларды, оның ішінде санитарлық жағдайды жасау мәселелері әкімдіктердің құзырында екенін атап өткен жөн. Бұған дейін министрлік мектеп дәретханалары мен мектеп мәзірін жақсарту бойынша шаралар қабылдау үшін бірқатар өңірдің әкімдіктеріне хат жолдаған болатын. Біз бұл мәселені бақылауда ұстаймыз. Акцияны өткізу балалардың мектепте жайлы болуы үшін жағдай дұрыс жасалмаған білім беру ұйымдарын анықтауға көмектеседі. Мониторинг жазалау үшін емес, мектептерді бірлесіп балаларға қажетті жағдай жасауға тарту үшін жүргізіледі. Мектеп әкімшіліктеріне бұзушылықтарды жоюға уақыт беріледі. Сонымен қатар мектеп асханаларында проблемалы жуынатын бөлмелер мен заң бұзушылықтар туралы хабарлағандардың аты-жөні және олар туралы ақпарат жария етілмейтініне кепілдік беріледі. Мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар да мектеп асханаларындағы бағаның көтерілгенін, олардың мектеп мәзіріне қаншалықты қанағаттанатынын хабарлай алады. Одан бөлек, қандай асханаларда зиянды тағамдар, яғни фастфуд, газдалған сусындар сатылатыны туралы да мәлімет бере алады», - деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Науқан шарттарына келетін болсақ, бірінші кезең «Check your school» деп аталады. Акцияға қатысуға ниет білдіргендер 87006990446 нөмірі бойынша WhatsApp пен Telegram-ға фото және видео, сонымен қатар Telegram-дағы https://t.me/Balagakz_bot арнасы арқылы жібере алады. Сонымен қатар Instagram және Tiktok әлеуметтік желілері арқылы #БалағаЛайық #balagalaiyq хэштегі арқылы жуынатын бөлме мен асхананың фотолары мен видеоларын жібере алады.

Видеоның ұзақтығы 2 минуттан, фотосурет 10 кадрдан аспауы керек. Бұл ретте білім беру ұйымының атауын және оның мекенжайын көрсету қажет. Осындай мәліметтер көрсетілмеген материалдарды жұмыс тобы қарастырмайды. Сондай-ақ материалдарды мектеп асханаларында (ас блоктарында), білім беру ұйымдарының жуынатын бөлмелерінде талаптарды сақтау мәселелері туралы журналистік сюжеттер түрінде де ұсынуға болады.

Арнайы құрылған жұмыс тобы келіп түскен материалдардың жуынатын бөлмелер мен асханаларға қойылатын талаптарға сәйкестігін бағалайды. Одан кейін фотолар мен видеоларды бұзушылықтарды жою талаптарымен өңірлердің Білім басқармаларына жолдайды. «Қателер бойынша жұмыс» жүргізілгеннен кейін Instagram-дағы @balaga.laiyq парақшасында мектеп дәретханалары мен асханаларының «дейінгі және кейінгі» фотолары мен видеолары жарияланады.

«Мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар және басқа да мүдделі тұлғалар, мысалы, санитарлық жағдайдың жоқтығы, крандардың жұмыс істемейтіні, мектеп асханаларындағы сапасыз тағам және т.б. хабарлай алады. Баршаңызды науқанға белсене қатысып, білім беру ұйымдарын жайлы әрі қауіпсіз етуге шақырамыз. Айта кетейік, акцияға қатысушылар мектеп дәретханалары мен асханаларының нормаларына сәйкес келмейтінімен қоса, үлгілі, яғни талапқа сай келетіндерінің де фото және видеоларын жібере алады. Акция қорытындысы бойынша балалардың оқуы мен мектепте болуына қолайлы жағдай жасалған үздік мектептер марапатталады», - деп түсіндірді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.